384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда панасыз жануарлар үшін жедел жәрдем қызметі тегін

  • 734
  • UPD: 10:38, 03.04.2019

Түркиядағы аудандық муниципалитеттерде көшедегі жануарларға ақысыз ветеринарлық қызметтер көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті жол қозғалысында жануарлар зардап шеккен жағдайда көлік сақтандыру жүйесі барлық шығындарды өтейді.

Түркияның қай қаласында да көшелерде иттер мен мысықтарды жиі кездестіруге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне сәйкес, тек қана Ыстамбұлдың өзінде 130 мыңнан астам қаңғыбас иттер өмір сүреді екен. Мысықтардың саны белгісіз. Халық көше жануарларына үйреніп-ақ қалған.

Ясемин Эроғлұ, жергілікті тұрғын:

– Шахарымыздағы иттер мен мысықтар тұрмысымыздың бір бөлшегіне айналды. Иттер қабаған емес. Барлығы дәріленген. Барынша халқымызда оларға жебеу болып, тамақтарын беріп отырады.

Түркияның барлық муниципалитеттерінде ветеринарлық қызметтер бөлімшесі жұмыс істейді. Олар қаңғыбас жануарларды залалсыздандырып, вакцинация жасап, арнайы чип тағумен айналысады. Жануарларды зерттеп, қауіптілерін арнайы баспаналарға орналастырады. Қалғандарын ұрықсыздандырып, алған жерлеріне қайта жібереді. Қазірде мемлекеттік жануарлар баспаналарының 50-ге жуығы Ыстамбұл қаласында, 30-дан астамы Анкарада қызмет көрсетеді. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың панасыз жануарларға арналған үйлері бар.

Жанан Капан, «Патиликөй» панасыз жануарлар ауылының негізін салушы:

– 2011 жылы 30-40 панасыз иттерге арналған орталық аштық. Қазірде орталығымызда 800-ге жуық итті асыраймыз. Олар біздің баламыз секілді. Барлық қаражаттар қайырымдылықтан түседі. Халқымыз бұл тұрғыдан өте жомарт. Ал кезеңдік вакцинацияларын муниципалитеттердің бөлімшелерінде жасатамыз.

Волкан Коч – мемлекеттік қызметкер. Бос уақытының бәрін көше жануарларымен өткізеді. Оларға тамақ беріп, тазалық жұмыстарымен айналысады.

Волкан Коч, панасыз жануарлар қоғамдастығы мүшесі:

– Күнделікті 8-10 сағаттық уақытымды осы жерде өткіземін. Панасыз жануарларға қолқанат ету өте маңызды. Сыртты болғандықтан, әртүрлі ауруға шалдығуы мүмкін. Оны қадағалап тұру қажет. Себебі олар бізге мұқтаж.

Түрік халқының панасыз жануарларға деген сезімталдығы жоғары. Осы себепті, ағымдағы күндерде өткен саяси додада үміткерлер панасыз жануарларға арналған арнайы жобаларының түр-түрі бойынша бір-бірімен жарысқа түсті. Бұдан бөлек, елде көше жануарларына арналған науқандар жиі ұйымдастырылып тұрады

Авторлары: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы