379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германияда ит құқы заңмен қорғалған

  • 97
  • UPD: 11:01, 03.04.2019

Германияда қаңғып жүрген ит жоқ.

Ал егер иесі көшеге қуып жібергісі келсе, 25 мың еуроға дейін айыппұл төлейді. Осылайша Германияда үй жануарларын қатты құрметтейді. Тіпті Конституцияда оларды қорғау туралы арнайы заң бар.

Германия тұрғындары көшеде иесіз жүрген итті көрсе, бірден полицияға немесе жануарларды қорғау орталығының қызметкерлеріне хабарласады. Бүгінде Германияда мұндай жүздеген жануарлар тұрағы бар. Соның бірі – берлиндік Тирхайм. Аумағы жағынан Еуропадағы ең үлкен орталық. 22 футбол алаңын құрайды. Қазіргі таңда мұнда 1400 жануар бар. Олардың арасында мысық, иттер, қоян, тіпті экзотикалық рептилиялар бар.

Беате Камински, иесіз жануарларды қабылдау орталығының баспасөз хатшысы:

– Біз жануарларды тәрбиелеп, оларға қамқор боламыз. Орталықта үлкен заманауи клиника бар. Онда ауырып қалған төрт аяқтыларды емдейміз. Сондай-ақ сауықтыру бөлімшесі де бар. Кешен 18 ғимараттан тұрады. Жаңа иесін тапқанда әрбір жануарға қамқорлық танытамыз.

Берлиндік иесіз қалған жануарларды қабылдау орталығын түрлі қайырымдылық қорлары қаржыландырады. Жылдық бюджет 8 миллион еуроны құрайды. Қызметкерлердің айтуынша, бұл қаражат дәрі-дәрмек пен жануарлардың тамағына жұмсалады.

Беате Камински, иесіз жануарларды қабылдау орталығының баспасөз хатшысы:

– Орталық қайырымдылықтың арқасында жұмыс істеп тұр. Көмек қолын созғысы келетін әрбір адам үшін есігіміз ашық. 170 штаттағы қызметкерлерімізден бөлек, бірнеше жүздеген еріктіміз бар. Олар да көмектесіп тұрады. Орталықта жануарлар үшін барлық жағдай жасалған. 

Германияда қанғыбас иттер болмағынмен, панасыз жүрген мысықтар көп. Сарапшылардың айтуынша бір ғана Берлинде олардың саны 10 мыңнан асып жығылады. Жануарларды қорғаушылар күнделікті оларға тегін тамақ таратады.

Беате Камински, иесіз жануарларды қабылдау орталығының баспасөз хатшысы:

– Көшеде көбінесе иелерінен қашып кеткен немесе үйлерінен қуылған мысықтар жүреді. Қолымыздан келгенше оларды тамақтандырып тұрамыз. Жабайы болғандықтан, оларға ие іздеп табуда қиын. Сол себепті бақылап, көбейіп кетпеуін қадалаймыз.

Берлиндік жануарлар орталығында жыл сайын үш мың жануар өзіне иесін табады. Асырап алу үдерісіне өте жауапкершілікпен қарайды. Егер өзіңізге жануар алғыңыз келсе, мінезіңіз жайлы толық ақпаратпен бөлісуіңіз керек. Сондай-ақ күн тәртібіңіз, үйдің аумағы жайлы мәліметтер ұсынасыз. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, мұндай факторлар адам мен төрт аяқтылар арасында достық орнатуда септігін тигізетін көрінеді. 

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы