379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Парижде көше кезіп қайтыс болғандарды еске алу шарасы өтті

  • 89
  • UPD: 15:24, 04.04.2019

Францияда баспанасыздар саны артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Кедейлік зардабын тартқан олар жиі көшеде дүниеден озады. Парижде осылай қайтыс болған пенделерді еске алу шарасы өтті.

Париж саябағында қаралы шара. Жергілікті халық өмір бойы үй-күйсіз жүріп, көшеде қайтыс болған адамдарды еске алып жатыр. Еріктілер былтыр осылай өмірден өткен кісілердің есімдерін анықтап санақ жүргізген. Ресми мәлімет бойынша, 2018 жылы Франция көшелерінде 566 адам дүниеден озды. Бірақ еріктілер іс жүзінде бұл көрсеткіш 6 есе артық деп отыр.  Өйткені көше кезгендердің дені тіркеуде жоқ. Олар қыс мезгілінде суыққа шыдамай көз жұмады. Ал көбісі аштық пен түрлі аурудың кесірінен қайтыс болады. Соңғы кезде баспанасыз жүргендердің арасында әйелдер мен балалар көбейді.

Беранжер Гризони, еріктілер қауымдастығы бюросының мүшесі:

- Кедейлік пен жоқшылық олардың түбіне жетті. Арасында дүниеге келгеннен кейін бір-ақ сағат өмір сүрген нәресте бар. Ал жасы ең үлкені 87-де. 2019 жылы Францияда адамдар жоқтықтан қайтыс болып жүргеніне көнуге болмайды.

Тізімдегі есімдердің тағдыры әрқилы. Тірі кезінде еленбеген оларды еске алу үшін Париж тұрғындары көптеп келді.

Венсан Эссей, Париж қаласының тұрғыны:

- Көшеде тұратындар дүниеден озғаннан кейін не болатынын білуі керек. Олар осы туралы жиі ойланады. Сол себептен осындай шараларды өткізу маңызды, жұрт ешкім де ұмыт қалмайтынын білуі қажет.

Ауқатты ел саналатын Францияда баспанасыздарға ондаған қауымдастық пен әлеуметтік қызмет көмек көрсетіп жүр. Билік тұрғындардың бәрін үймен қамтамасыз етеміз деп уәде бергенімен, көше кезетіндердің саны жыл санап артып келеді. Түрлі мәлімет бойынша, Францияда 200 мыңға жуық адамға баспана қажет.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы