376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Порошенко телеграм парақшасында өз оқырмандарына сауалнама жолдады

  • 119
  • UPD: 20:58, 04.04.2019

Украина президенттік сайлаудың 1-кезеңінің қорытындысын жариялады.

Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру бюллетендерін төрт күн бойы есептеген. Соңғы ресми нәтижеге сай бірінші орынға жайғасқан Владимир Зеленский 30,24 процент халықтың қолдауына ие. Әзірге бағы жанып, озық тұрған шоумен Укранинаның қазіргі президенті Петр Порошенконы ашық пікірталасқа шақырды.

Порошенко жауап беріп қана қоймай, телеграм парақшасында өз оқырмандарына сауалнама жолдады.

Украинада 31 наурыз күні өткен президенттік сайлаудың ресми қорытындысы бүгін жарияланды. Сөйтіп 1-кезеңде Владимир Зеленский алға шықты. Ол халықтың 30,24 процент қолдауына ие болған. Екінші орында – елдің қазіргі президенті Петр Порошенко. Ол үшін 15,95 процент тұрғын дауыс берген. Үшінші орында 13,4 процент дауыспен «Батькившина» партиясының көшбасшысы Юлия Тимошенко тұр. Төрттікті оппозицияшыл Юрий Бойко 11,67 процентпен қорытындылаған. Енді екінші пікірталас кезеңі 21 сәуірге жоспарланған. Ал Зеленский Порошенкоға шақырту жіберіп үлгерді.

Владимир Зеленский, Украина президенттігіне үміткер:

– Петр Порошенко, мені пікірталастан қорқып, қашып кете ме деп шақырдыңыз. Жоқ, мен сіздің 2014 жылы жасағаныңыздай қадамға бармаймын. Шақыртуды қабыл алдым. Шарттарым міне. Мен сізді «Олимпийский» стадионында күтемін. Пікірталас Украина халқының алдында өтеді. Барлық телеарналардың тікелей эфирінде көрсетіледі. Қалаған кез келген журналист келіп, қатыса алады. Кандидаттар медициналық сараптамадан өтуі керек. Халыққа нашақор немесе маскүнем емес дені сау президент керек. Сізге 24 сағат беремін. Ойланыңыз!

Заңға сәйкес, кандидаттар арасындағы пікірталас сайлаудың екінші кезеңіне дейін өтуі тиіс. Петр Порошенко 31 наурыздағы дауыс беруден кейін-ақ пікірталастың болатынын айтқан еді. Владимир Зеленский де көп күттірмей, шақырту жолдады. Ел президенті шоуменнің ұсынысын қабыл алып, тараптар стадионда көпшілік алдында кездесетін болып келісті.

Петр Порошенко, Украина президенті:

– Пікірталас өткізудің ережелері президент сайлау заңында жазылған. Соны оқығаныңыз дұрыс болар. Ескірген ережеге сай ол қоғамдық телеарнаның аумағында, тікелей эфирде өтуі керек. Егер стадион десеңіз солай-ақ болсын. Сізді күтемін Владимир Александрович!

Порошенко «сайлауалды пікірталас – шоу емес» деп өз жауабын аяқтады. Одан бөлек, ел президенті телеграмдағы парақшасында халықтың пікірін сұрап, сауалнама жасады. Онда заңға сүйеніп қадам жасау керек пе, әлде заңды бұзу керек пе деген сұрақ қойылған. Оқырмандардың пікірі қақ жарылды. Бірі Владимир Зеленскийдің ұсынысын ерекше деп, қолдап жатса, бірі бұл шоу саясатқа тән емес деген пікір қалдырды.

Ирина Бекешкина, сарапшы:

– Елге алда не күтіп тұрғаны қызық. Алдағы үш аптаның ішінде көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Тіпті бұл пікірталас бола ма, болмай ма кім білсін?! Бастысы, Владимир Зеленский президент болса қандай саясат ұстанатынын түсіндіруі керек. Халыққа бағдарламасын ұсынуы тиіс. Ал Петр Порошенко соңғы бес жылдық қызметіндегі ағат кеткен тұстарын қалай түзей алатынын айтуы керек.

Сонымен 19 сәуірде Киевтегі 70 мың адамға шақталған «Олимпийский» стадионында пікірталас өтеді. Бірі саяси доданың қызық өтеріне сенім білдірсе, бірі бұл әдеттегі шоу дейді. Бұған себеп – үздік шыққан кандидат Владимир Зеленскийдің мамандығы.

Бұл орайда, әзіл-қалжыңның бел ортасында жүріп, саясат сахнасына өткендердің тізімін жасауды жөн санадық. 50 жастағы Джимми Моралес. Әсіл-сықақ актері 2016 жылдан бері Гватемала президенті лауазымында. 2018 жылдың қыркүйек айынан бері Словения премьер-министрі лауазымындағы – Марян Шарец. Саясатқа дейін Шарец сықақшы, танымал адамдарға пародия жасайтын актер еді. Ереван мэрі – Айк Марутян. Бұл саясаткер де – кезінде КВН ойындарына қатысып, түрлі әзіл-сықақ фильмдерінде бой көрсеткен тұлға. Сондықтан шоумен де ел басқарып, саясатқа белсене араласа алады дейді мамандар.

Осылайша, бүгін бірінші кезең ресми түрде қорытындыланды. 39 кандидаттан екінші кезеңге екі адам өтті. Сондай-ақ тарихта болмаған пікірталасқа дайындық басталып кетті. Бұл туралы елдің ішкі істер министрлігі де хабарлап отыр.Сайлауалды пікірталас кезінде қауіпсіздік барынша күшейтілетін болады.

21 сәуірде екінші кезең өтеді. Ал оның нәтижелері мамырдың біріне дейін анықталмақ. Мамырдың 31-де жаңадан тағайындалған мемлекет басшысының ант беру рәсімі өтеді.

Хабар 24 телеарнасы