377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ливияда азаматтық соғыс бастала ма?

  • 146
  • UPD: 23:44, 05.04.2019

Ливияда үкімет пен ұлттық армия билікті бөлісе алмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бас қолбасшы Халиф Хафтар өз әскеріне Триполиді басып алу жөнінде бұйрық беріп, бейнеүндеу жариялады. Ал жергілікті билік ел астанасын қорғауға дайындықты бастап кетті. Қауіпсіздік қызметкерлері қақтығысқа сақадай сай тұр.

Ливиядағы жоғарғы эшелон талас-тартысқа түсіп, елді екі билік пайда болғаны мәлім. Мемлекетті жартылай үкімет басқарса, жартысына парламент пен Хафтар әскері әмірін жүргізіп тұр. Ал егер оқ атылып, қарулы қақтығыс басталса, бұны азаматтық соғыс деуден басқа амал жоқ.

«Триполиді азат ету операциясы». Ливия ұлттық әскерінің қолбасшысы Халиф Хафтар жариялаған бейнеүндеудің айтары осы. Онда 75 жастағы фельдмаршал өз әскеріне Триполиді басып алуға бұйрық берген. Оның айтуынша, бұл – Ливия халқының қалауы. Өңірді содырлар мен террористерден азат ету керек. Сондай-ақ Халиф Хафтар астана тұрғындарын қаруды тастап, ақ жалау көтеріп шығуға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Хафтар әскері Гарьян, Сурман қалаларын басып алған еді.  

Ахмед Аль-Месмари, Ливия ұлттық әскерінің өкілі:

- Бас қолбасшы Халиф Хафтардың бұйрығымен Триполиді басып алу операциясы басталғанын хабарлаймыз. Ливия ұлттық әскері жоғары деңгейлі дайындықтан өткен әскерилерден құралған. Түрлі операциялар мен соғыстарда жеңіске жеткен. Сол себепті бас қолбасшы айтқандай, қарулы қақтығыссыз, тұрғындарды үйлерінде қалып, ақ жалауларын көтеруге шақырамыз.

2011 жылы Ливиядағы азаматтық соғыс аяқталып, мемлекет басшысы Муаммар Каддафи өлтірілгеннен кейін билік қақ жарылған болатын. Содан бері елдің шығысын парламент пен Халиф Хафтардың әскері басқарады. Батыс, яғни Триполи ұлттық келісім үкіметінің қарауында. Бұл – БҰҰ-ның және халықаралық қауымдастықтың қолдауымен құрылған үкімет. Ел астанасына шабуыл жасалатынын естіген премьер-министр Фаиз Сарадж бірден үкіметтің қарулы күштерін қорғанысқа әзірледі. Олар Ливия ұлттық әскеріне қарсы соғысады.

Ливия ішкі істер министрлігі: «Министрлік төтенше жағдайдың жоғары деңгейін жариялайды. Барлық қауіпсіздік қызметтеріне елдің астанасына келетін кез келген қауіпке қарсы тұруға бұйрық берілді. Шабуылшы топтар қатер туғызған жағдайлардың барлығына толығымен жауап беретін болады».

Бұл жағдайға Франция, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері және АҚШ-та алаңдап, шиеленісті бейбіт жолмен шешуге шақырып жатыр. Ұлыбритания БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін кезектен тыс, төтенше басқосуға шақырды. Ал бұл уақытта Триполиде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сапарда жүр. Себебі бірнеше күннен соң Ливияның түрлі саяси күштерінің қатысуымен конференция өтуі керек еді. Триполиге жасалатын шабуылды естіген ол тараптарды бейбіт диалогқа шақырды.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Ливияға келгенімде көптеген әскери қозғалысты көріп таң қалдым. Күтпеген едім. Бейнеоүндеу тағы бар. Мен барлық тараптарды сабырға шақырамын. Кез келген шиеленісті бейбіт жолмен, бір үстел басына отырып, келіссөз жүргізу арқылы шешуге болады. Ал қаруын сайлап, оқ ату ешкімге пайда әкелмейді. Ливияға әскери емес, саяси шешім керек.

Жалпы, Халиф Хафтар деген кім? Қайдан шықты? Билікке қандай қатысы бар? Айта кетейік. Халиф Хафтар – 40 жылдан астам уақытын Ливияның саяси және әскери саласына арнаған адам. 1980 жылы ол басқарған әскери топ қарулы қақтығыста жеңіліс тапқан. Каддафи операцияны сәтсіз аяқтаған Хафтарды түрмеге қамайды. Кейін босап шыққан соң АҚШ-қа кетіп, 20 жыл бойы Каддафиге қарсы күресті. Азаматтық соғыс кезінде елге оралған. Ал 2014 жылы Ливия халқын Ұлттық конгреске қарсы тұруға шақырады. 2015 жылдың 2 наурызынан бастап парламент жағындағы қарулы күштің бас қолбасшысы болып тағайындалған.

Ресми ақпарға сай, әскерилер ел астанасына жақындап қалған. Триполидегі бақылау пунктіне 27 шақырым жерде әскери киім киген қарулы адамдар тұр. Сондай-ақ 15 зеңбірек жеткізілген деген ақпар да бар. Сондықтан елдегі ширығып тұрған саяси ахуалды қақтығыс арқылы шешуге тырысқан топтың әрекеті немен аяқталары белгісіз. Тек әліптің артын күтуге тура келеді. Не болса да бейбіт тұрғындар саясаттың құрбанына айналмаса екен дейміз.   

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы