380.89 423.60 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германия халқының тұрмыстық қалдықты сұрыптағанына жарты ғасырдай уақыт болды

  • 130
  • UPD: 09:46, 08.04.2019

Германия тұрғындарының тұрмыстық қалдықты сұрыптап жүргеніне шамамен жарты ғасыр толды.

Әр неміс жанұясы бұған асқан ұқыптылықпен қарайды. Сондықтан үйлерінде бір емес, бірден 8 қоқыс жәшігі болуы мүмкін. Қағаз бен органикалық заттар оңайлықпен қайта өңделсе, пластикалық қалдықтардың 36 проценті жойылады. Пластиктердің бір бөлігі химиялық жолмен жойылса, қалған бөлігі цемент өндіру зауыттарында жанармай ретінде газдың орнына қолданылады. Сондай-ақ миллион тоннадан астамын Германия шет елдерге экспорттайды. Әсіресе Үндістан, Малайзия мен Индонезия елдеріне. Алмания елінде 1 тонна қоқысты зауытқа жеткізу құны 150 еуроға тең. Осыған байланысты жергілікті фирмалар үшін қалдықтарды шалғай болса да Азия елдеріне тасымалдау арзанға шығады. Тіпті үстінен пайда көретіндері де бар. Артынша азиялық елдер сапалы пластиктерді үстеме бағамен сатады. Алайда экологтар мұнан қауіптеніп отыр. Олардың айтуынша, Малайзияда қоқысты қайта өңдейтін сала әлі толық дами қоймаған. Сәйкесінше, артық қоқыс Тынық мұхитын ластайды.

Фредерике Сток, Германиядағы гидрология институтының ғалымы:

- Пластик қоршаған ортаға түспеуі керек десек те, жағдайды өзгерту қиын. Бұл үлкен мәселе! Өйткені аталған материал түрі бірнеше жүздеген жыл бойы шірімейді де, ыдырамайды да. Ал айналаға микропластик таралса, оны бөліп алу тіптен күрделі нәрсе. Неге десеңіз, тұрмыстық қалдық адамдар мен жануарлардың ағзасына түседі. Бірақ біз әзірше оның тіршілік иесі денсаулығына қалай әсер ететінін толық білмейміз. 

Статистикаға сәйкес, бір жылда Еуроодақ азаматына 31 келі пластик қоқысынан келеді екен. Германиядағы көрсеткіш бұдан да жоғары, 37 келіден асады. Қарапайым халық өндіруші компанияларға қарамастан, тұрмыста пластикті қолданудан мейлінше бас тартып жатыр. Мәселен, мюнхендік кәсіпкер Криси Трауб өз дүкенінде нан мен ірімшік сынды азық-түлікті қаптамасыз сатады. Қала тұрғындары мұнда тек өз қорабымен не дорбасымен келеді. Осылайша, сатушы мен сатып алушы арасында пластик өнімдер қолданылмайды. 

Криси Трауб, супермаркет директоры:

- Пластик өндірісі үшін бірнеше ресурс қолданылады. Ал әлемдегі ресурс қоры шектеулі екенін бәріміз білеміз. Жер ғаламшарын кейінгі ұрпаққа қаз қалпында аманаттау үшін күнделікті үй шаруасына асқан жауапкершілікпен, үнемшілдікпен қарау керек. Өйткені пластик біздің денсаулығымыз үшін қауіпті. Дүкендердегі стандарттық қаптамалары бар өнім сатып алмау қажет. Осыған байланысты халыққа өз ыдыстарымен келуді ұсынамыз. Бұл өте қолайлы.

2 жылдан кейін Германияның дәмханалары мен кофеханаларында түтікшесі бар ыдыстар толық жойылуы мүмкін. Өйткені Еуроодақта пластикалық ыдыстарды қолдануға тыйым салу туралы заң қабылданды. Осы себепті одаққа мүше елдер баламалы шыны ойлап шығаруы керек. Мәселен, Германияда өздігінен ыдырайтын биопластикті қолдану туралы ұсынып жатыр.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы