384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ливиядағы шиеленіске халықаралық қауымдастықтар алаңдаушылық білдірді

  • 428
  • UPD: 20:31, 08.04.2019

Ливиядағы әскери шиеленістің ушығуы салдарынан 21 адам көз жұмды.

Тағы 27 тұрғын жарақаттанды. Бұл туралы Ливияның денсаулық сақтау министрлігі хабарлап отыр. Еске сала кетейік, өткен бейсенбі күні Ливия ұлттық әскерінің қолбасшысы Халиф Хафтар Триполиді басып алу операциясын бастаған еді. Премьер-министр Фаиз Сарадж үкімет әскеріне ел астанасын қорғау пәрменін берген болатын.

Ливия астанасы Триполиге талас ушыға түсті. Халифа Хафтар әскерінің «Триполиді азат ету» операциясы барысында қаланың оңтүстік және батысы шабуылданды. Тіпті демалыс күндері шаһардан 50 шақырымдай жерге әуе соққылары жасалған. Бүгінде халықаралық әуежай Ливия ұлттық әскерінің бақылауына өтті. Ендігі Халифа Хафтардың басты нысаны – ұлттық банк пен мемлекеттік телеорталық.

Ахмед Мисмари, Ливия ұлттық әскерінің өкілі:

- Триполи халықаралық әуежайы және оған апарар жолдың барлығы біздің бақылауда. Ендігі нысан – ел астанасының оңтүстігі. Әскеріміз қазір Аль-Совани көпірі маңында. Айта кетейік, Джанзур, Майя, Захра және Азиза елді мекендері қарулы қақтығыссыз-ақ біздің бақылауымызға өтті. 

Айта кетейік, 2011 жылдан бері  елдегі билік қақ жарылған болатын. Мемлекеттін шығысын парламент пен Халифа Хафтардың әскері басқарады. Батыс, яғни Триполи ұлттық келісім үкіметінің қарауында. Бұл БҰҰ-ның және халықаралық қауымдастықтың қолдауымен құрылған үкімет. Міне, сол үкіметтің басшысы премьер-министр Фаиз Сарадж генерал Хафтарды сатқындық жасап, мемлекетте төңкеріс ұйымдастырмақ болды деп айыптады.

Фаиз Сарадж, Ливия премьер-министі:

- Біз елде тек бейбітшілік болғанын қаладық. Бірақ Хафтар әскері созған қолды кері қайтарды. Елде төңкеріс ұйымдастырмақ ниетте. Бір сөзбен айтқанда, сатқындық жасап отыр. Біз бұл әрекетке тиісінше жауап қатамыз. Ливия қарулы күштеріне бұйрық берілді. Олар ел астанасын және бейбіт тұрғындарды қорғайтын болады. Ал шабуылшы топқа қосылған әрбір адам халықаралық сот алдында жауапқа тартылады.

Бүгінгі ресми ақпарат бойынша, өңірде кемінде 21 адам көз жұмған. Олардың ішінде бейбіт тұрғындар бар ма, жоқ па ол әлі белгісіз. Бұл орайда халықаралық қауымдастықтар Ливиядағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. БҰҰ бейбіт және жараланған тұрғындарды қауіпсіздікпен қамтамасыз ету үшін тараптарды екі сағатқа оқ атпауға шақырды. Дегенмен ұйымның бұл ұсынысын ешкім ескермеді. 

Гассан Саламэ, Ливиядағы БҰҰ-НЫҢ елшісі:

- БҰҰ Ливиядағы шиеленісті тоқтату үшін күндіз-түні көз ілмей жұмыс жасап жатыр. Ең алдымен бейбіт тұрғындардың әскери әрекеттен зардап шекпеуін ойластыруымыз керек. Тұрғын үйлер және адам көп шоғырланған аймақтарға қарулы шабуыл жасалмауын қадағалайтын боламыз. Бұл арада тараптарды бір үстел басына отырып, шиеленісті диалог арқылы шешуге шақырамыз.

Францияда өтіп жатқан «Үлкен жетіліктің» басты тақырыбы да осы Ливиядағы жағдайды тұрақтандыру болып өзгертілді. Бұл елдер Халифа Хафтардан шабуылды тез арада тоқтатуды талап етті. Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырысының қорытындысы бойынша 15 ел Ливия ұлттық әскерін келісімге келуге шақырды. Ұлыбританияның бұл мәлімдемесін Ресей қолдамай тастады. Мәскеу тек Хафтардың әскерін ғана емес,  Ливияның барлық қарулы күштерін оқ атпауға шақыру керектігін айтты. Айта кетейік, Ресей, Египет және Біріккен Араб Әмірліктері Халифа Хафтардың саясатына басымдық береді.

Сергей Лавров, РФ сыртқы істер министрі:

- Ливиядағы дағдарысқа біреуді кінәлаудың қажеті жоқ. Бұл мемлекет 2011 жылдан бері лаңкестердің орталығына айналды. Қару контрабандасы күшейіп, заңсыз босқындар қаптаған ел. Сол себепті бір ғана тарапқа күйе жағу әділетсіз. Біз Ливия ұлттық әскерінің қолбасшысымен де ұлттық кеңес үкіметінің басшымен де диалог құрдық. Ливиядағы барлық саяси күшпен тілдесіп, бәріне бірдей үндеу жасауға тырысып келеміз.

АҚШ тарапы да үнсіз қалмады. Мемлекеттік хатшы Майк Помпео Триполиді басып алуға бағытталған операцияны тоқтатуды талап етті. Оның айтуынша, біржақты әскери акция бейбіт тұрғындарға залалын тигізуі мүмкін. Сондай-ақ АҚШ Ливиядағы өз әскерін уақытша елден шығару шешімін қабылдаған. «Оған себеп – елдегі жағдайдың ушыға түсуі» деп көрсетілген басқарманың ресми сайтында.

Шынында көптеген мемлекеттер өз азаматтарын елдеріне қайтарып жатыр. Мәселен, БҰҰ Ливияда аса қажетті қызметкерлерін ғана қалдырмақ. Үндістан болса елдегі бітімгерлерін уақытша Туниске көшірмек. Италиялық мұнай компаниясы да қызметкерлерін эвакуациялау шешімін қабылдаған.  

Авторы: Жансұлу Дүйенәлі

Хабар 24 телеарнасы