379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Б.Нетаньяху премьер-министр лауазымында қала ма?

  • 110
  • UPD: 19:49, 09.04.2019

Бүгін Израильде демалыс. Қоғамдық көліктер тегін қатынайды. Палестиндік аумақтар жабық.

Себебі Кнесеттің 21-шақырылымына сайлау өтіп жатыр. Кезектен тыс парламенттік додағы 39 партия мен блок қатысуда. Ел бойынша 10 720 сайлау учаскесі құрылған. 6 млн 340 мыңдай адам дауыс беруге құқылы.

Әзірге ресми мәлімдеме шықпаса да, сайлауда кімнің алда келе жатқаны мәлім. Ол «Ликуд» партиясының көшбасшысы, қазіргі премьер Биньямин Нетаньяху. Айтпақшы, бұл саясаткер биыл бесінші рет қайта сайлауға қатысып отыр. Сондай-ақ оның саяси қарсыласы, «Кахоль Лаван» партиясының жетекшісі, генерал Бени Ганц.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Израильдің әрбір аумағы бізге тиесілі. Біз дамудың келесі кезеңіне өтетін боламыз.  «Ликудты» қолдап, сол жетістікті бірге бағындырайық! 

Бени Ганц, премьер-министр лауазымына үміткер:

- Бүгін тарихи күн. Үміт пен жаңа мүмкіндіктер күні. Мен Израильдің келесі премьер-министрі атанамын. Демократияны құрметтеп, таңдау жасауда жауапкершілік таныту керек. Алда бізді дамудың жаңа, даңғыл жолы күтіп тұр.

Жоспарға сай Кнесетке сайлау 2019 жылдың қараша айында өтуі керек болатын. Дегенмен, өткен жылы елде парламенттік дағдарыс  болып, бекітілген дата сәуір айына өзгертілді. Әзірге келіп түскен ақпарға сай, дауыс беруге құқылы азаматтардың 24,8 проценті өз таңдауын жасаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 процентке төмен. Бұл орайда израильдік сайлаушылардың пікірін тыңдап көрейік. 

Мен «Ликуд» партиясына дауыс бердім. Биньямин Нетаньяху ел басқарған жылдары экономкалық өсім болып, халықаралық серіктестерімізбен байланыс нығайды. Ары қарай де еліміз гүлдене берсін!

Бени Ганц көшбасшылық ететін «Кахоль Лаван» партиясы ел басқарғанын қалаймын. Үмітім соларда. Нетаньяхудың саясатынан көңіліміз қалды. 

Жалпы Израиль – парламенттік мемлекет.  Сол себепті кезектен тыс сайлаудың қорытындысы бойынша ел президенті қажетті дауысты жинаған партия және фракция басшыларымен кездесіп,  жаңа премьер-министрді бекітеді. Және оған жаңа үкіметті құру қызметі жүктеледі. Саясаттанушылар мен сарапшылар сайлауда кім жеңсе де маңызды емес дейді. Себебі басты қарсыластардың саясаты ұқсас келетін көрінеді.

Махмар Абу Сейеда, саясаттанушы:

- Биньямин Нетаньяху жеңе ме әлде Бени Ганц жеңе ме, ол маңызды емес. Екі жағдайда да өңірдегі шиеленіс шешімін табады деп айта алмаймын. Тіпті керісінше болуы мүмкін. Себебі, Нетаньяху Иордан өзенінің батыс жағалауында еврей елді мекендерінің құрылысын жалғастыратынын, тіпті сол жерді аннексиялауға дайын екендігін мәлімдеді. Ал, Ганц болса палестиндіктерге қатысты мәселені шешу бойынша нақты жоспар ұсынбады да.

Сарапшы айтып кеткен Биньямин Нетаньяхудың Иордан өзенінің батыс жағалауын аннексиялау  мәлімдемесі рейтингі түсіп кеткен соң жасалғаны мәлімдеме. Өйткені сайлауалды науқанда қазіргі ел премьеріне қатысты бірден үш қылмыстық іс қозғалды. Оған қызметін асыра пайдаланып, жемқорлық жасады деген айып тағылған болатын. Десе де, Нетаньяху Голан шыңдарын Израиль аумағы және Иерусалимді ел астанасы екендігін Вашингтонға мойындата алды.

Хабар 24 телеарнасы