379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үндістанда парламенттік сайлау басталды

  • 72
  • UPD: 20:54, 11.04.2019

Елдің 23 штатында сайлау бөлімшелері өз жұмысына кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төменгі палатаға депутаттарды таңдау жеті кезең бойынша жүргізіледі. Басты қарсыластар қазіргі биліктегі «Бхаратия Джаната партиясы» мен «Үндістан ұлттық конгресі». Үміткерлер төменгі палатағы 543 орынға таласады. 272-ден астам мандатты жеңіп алған топ жаңа үкіметті құру мүмкіндігіне ие болып, партия көшбасшысы мемлекеттің премьер-министрі атанады.

Саяси науқанға төменгі палатадағы 543 орынға 8 мыңға жуық кандидат таласатын болады. Ал басты қарсыластар қазіргі премьер Нарендра Моди мен оппозициялық партияның көшбасшысы Рахул Ганди. Алдағы

Бұл сайлау - тарихтағы ең ауқымды саяси науқан. Себебі Үнді елі әлемде халық саны бойынша Қытайдан кейін екінші орында тұр.

Биыл Үндістандағы 1, 3 млрд тұрғынның 900 млн-ы дауыс беруге құқылы. Соған орай 1 млн сайлау бөлімшесі ашылған. Дауыс беру 5 жарым аптаға созылады. Нақты қорытынды 23 мамыр күні белгілі болмақ. Биылғы додада басты қарсыластар қазіргі премьер Нарендра Модидің «Бхаратия Джаната партиясы» мен Рахул Гандидің «Үндістан ұлттық конгресі».

Нарендра Моди, Үндістан премьер-министрі:

- Біз билікке келгенде нақты 75 мақсатты алдымызға қойдық. Оны орындау үшін қолдан келгенін жасадық. Бұл жылдар ішінде экономикалық өсім болды. Елдегі өмір сүру деңгейі төмен тұрғындардың жағдайы біршама жақсарды. Жұмыссыздық мәселесін шешуге талпындық. Алдағы бес жылға да халық бізге сенім білдіреді деп сенемін.

Осылайша, елдің қазіргі премьері, «Бхаратия Джаната партиясының» көшбасшысы Нарендра Моди 2014 жылғы жеңісін қайталауды көздейді. Ол кезде елдің экономикалық және әскери жағдайын көтеремін деген уәдесімен төменгі палатадан 282 орынды жеңіп алған еді. Модидің жоспарын биыл Рахул Ганди бұзуы мүмкін. Оның айтуынша, қазіргі премьер елдегі демократиялық институттарды түбегейлі жойған. Ол сот лауазымына өз адамдарын қойып, мемлекеттің заң жүйесін өзгертті деген пікірде.

Рахул Ганди, «Үндістан ұлттық конгресінің» көшбасшысы:

- Барлық Үндістан халқын Ұлттық конгресті қолдауға шақырамын. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, парламентте басымдыққа ие болуымыз керек. Себебі Нарендра Моди елдің уақытын құр алып отыр. Бес жыл зая кетті. Демократиялық жүйелердің астаң-кестеңі шықты. Елге жаңа үкімет қажет. Үндістанға жұмыссыздықты жеңетін Ұлттық конгресс керек.

Рахул Ганди деп отырғанымыз - Джавахарлала Неру әулетінің бесінші ұрпағы, Индира Гандидің туған немересі. Рахулдың арғы атасы, апасы және әкесі Үндістанның премьер-министрлері болған. Туған әпкесі де саясат сахнасындағы адам. Өзі 2004 жылдан бері депутат. Оппозициялық «Үндістан Ұлттық конгресінің» көшбасшысы. Саясаткер елдегі кедейлік пен жұмыссыздықтың артуына Нарендра Моди кінәлі дейді.

Бұл айыпты экономистер де қоштайды. Жақында 109 ғалым «Үкімет ұсынған ресми статистикаға сенбейміз» деген құжатқа қол қойған. Олар «қазіргі премьер саяси тұрғыда рейтингін көтеру үшін жалған ақпар таратып отыр» дегенді айтады.

Елде прогресс болса деймін. Ал ол үшін бізге Нарендра Моди сынды көшбасшы қажет емес. Жаңа үкімет елдің қарқынды дамуына жол ашқанын қалаймын.

Жастардың қазіргі басты мәселесі – жұмыссыздық. Елді жемқорлық жайлап тұр. Жаңа билік осы олқылықтың көзін жоюы керек.

Халықтың пікірі осындай. Сарапшылар болса, премьер Нарендра Моди бұл сайлауға мықтап дайындалғанын айтады. Олардың пікірінше, Пәкістан қарауындағы Кашмир аумағына әуе соққысының жасалуы, ғарыштық сынақтың сәтті өткізілуі арнайы ұйымдастырылған саяси қадам. Саясаткер сайлау алдында белсенділік танытып, рейтинг көтеруді көздесе керек.

Жиль Вернье, саясаттанушы:

- Үндістан Ұлттық конгресі» мен «Бхаратия Джаната партиясының» арасында үлкен айырмашылық бар. Алдын ала жүргізілген сауалнамалар бойынша басымдық Нарендра Моди жағында. Сол себепті Рахул Ганди жеңіске жетеді дегенге ешкім сенбейді. Расында, қазіргі үкіметті басып озу қиынға соғады. Өйткені 2014 жылғы парламенттік сайлауда Модидің партиясы бірден 282 мандатты жеңіп алған болатын.

Үнді елінде билікке талас, осылайша, қыза түсті. Бірі оппозицияны, бірі қазіргі үкіметті қолдайды. Не десе де, бұл сайлау қымбатқа түсейін деп тұр. Саяси науқанға үкімет 7 млрд доллар жұмсамақ. Тіпті сайлаушылардың көптігі сонша, мамандар 3,6 мың тонна сия сатып алған. Бұл сия сайлауға келген тұрғындар қайта дауыс беріп қоймас үшін арнайы белгі қойып отыру үшін қажет.

Үндістан комиссиясының штатында – 300 адам бар. Оның сыртында ел бойынша 10 млн маман қызмет көрсетеді. Олар тіпті адам аяғы жетуі қиын шалғайға пілмен қатынап, халықтың дауысын жинайды. Ең қызығы - осы елдегі азиялық арыстандар мекендейтін қауіпті аймақтағы жалғыз фермердің дауыс беруі үшін арнайы жәшік жеткізілетін болады.

Хабар 24 телеарнасы