379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Триполи үшін кескілескен ұрыс жүріп жатыр

  • 153
  • UPD: 20:41, 12.04.2019

Ливия астанасы Триполидің айналасында қым-қуыт соғыс жүріп жатыр. «Ливия ұлттық әскерінің» қолбасшысы Халифа Хафтардың өзі айтпақшы бұл өңірді террористерден азат ету операциясы.

Ал халықаралық қауымдастық қолдауына сүйенген ел премьері Фаиз Сарадж ел астанасын өліспей беріспеуге бекінген. Шаһар мен оның айналасындағы ауыл-аймақтардағы атыс-шабыс пен әуежайға жасалған әуе соққысы салдарынан 60 адам көз жұмды. «Ливия ұлттық әскерінің» 190 сарбазы тұтқынға түскен.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының өкілі:

- Біздің оқиға орнындағы саяси әріптестеріміздің айтуынша, Триполидің оңтүстігінде жағдай ушығып тұр. Соңғы 24 сағатта бірнеше мәрте қақтығыс болған. Біз өңірдегі бейбіт тұрғындардың жағдайына алаңдап отырмыз. 650 отбасы қауіпсіз жерге көшіруге өтініш жасады. 8000 адам Триполиден шығып үлгерді. Қолымыздан келген көмекті жасап жатырмыз. Бас хатшы Хафтар әскерін қарулы қақтығысты доғаруға шақырып отыр. 

БҰҰ-ның бұл мәлімдемесін Еуроодақта қолдайды. Олардың айтуынша, елдегі әскери әрекет салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегіп отыр. Одан бөлек, Ливиядағы жағдай Еуропа елдеріндегі заңсыз мигранттардың артуына жол ашады. Онсызда Африкадан Еуропаға бағыт алған босқындар Ливиядағы Жерорта теңіз арқылы жолға шығады. Қазір Триполи аумағындағы 5700 босқын тұзаққа түскендей күй кешуде. Қарулы қақтығыстың дәл ортасында қалғандарды мамандар эвакуациялап жатыр.

Паула Баррачина Эстебан, БҰҰ босқындар ісі бойынша ресми өкілі:

- Бүгін біз Триполидегі Айн-Зарада қолға түскен 150 босқында қауіпсіз жерге эвакуациялап жатырмыз. Бірнеше күн бұрын мұнда осы елді-мекенде қарулы қақтығыс болғаны белгілі. Босқындар кәдімгідей қорқып алған. Өздері қауіпсіз жер іздеп шыққанда, атыстың дәл ортасына түскен. Халықаралық қауымдастықтарды босып жүрген жұртты қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге шақырамыз.

Триполидегі шиеленіс мұнай бағасына да әсер етті. Себебі Еуропалық Одаққа импортталатын қара алтынның 11 проценті осы елдің еншісінде. Ливиядан Испания, Франция, Германия және Италия елдері мұнай импорттайды. Егер қақтығыс жалғаса беретін болса, қара алтын тасымалы тоқтап қалуы әбден мүмкін. 

Агила Салех, Тобруктағы өкілдер палатасының спикері:

- Дәл қазір қарулы қақтығыстың тоқтай қоюы екіталай. Тараптар келіссөз жасаған күннің өзінде, ондағы шарттарды ешқайсысы орындамайды. Себебі Триполиде әртүрлі қарулы күштер, ұйымдар бар. Халифа Хафтар өңірді толықтай өз бақылауына алмай тынышталмайды.

2011 жылы Каддафи режимі аяқталғаннан бері,  елдегі биліктің екіге бөлінгені мәлім. Мемлекеттің шығысы парламент пен Халифа Хафтардың, батысы - халықаралық қауымдастық қолдайтын Премьер-министр Фаиз Сарадждың бақылауында. Екі жақ та ел астанасына өз әмірін жүргізгісі келеді. Үкімет Триполиді қорғауға бар күшін салып-ақ жатыр. Ал фельдмаршал тіпті шет елдерден қолдау іздей бастады. Хафтардың ұлы мен бас кеңесшісі Италияның премьері Джузеппе Контемен кездесу үшін Римге барғанға ұқсайды. Жергілікті «Репаблика» басылымы осындай ақпарат тартты. Италия тарапы келіссөз жүргізу үшін елден бейбіт алаң ұсынған.

Джузеппе Конте, Италия премьер-министрі:

- Елдегі әскери әрекет салдарынан құрбандардың саны артып жатыр. Жараланғандар тағы бар. Көптеген тұрғындар баспанасын тастапғ бас сауғалап кетті. Қарулы қақтығыс жалғаса берсе, соңы әлеуметтік дағдарысқа әкеліп соғады.

Сондай-ақ әскери шиеленіс салдарынан Еуроодақ, БҰҰ Ливиядағы өз қызметкерлерін қауіпсіз жерге эвакуациялап жатыр. Әзірге олар Туниске көшірілген.

Хабар 24 телеарнасы