384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мадуро мәселесінде Бразилия АҚШ жағына шығып кетті

  • 454
  • UPD: 19:59, 15.04.2019

Венесуэладағы дағдарысты Қытай елі өршітіп отыр. Колумбиямен шекарадағы Кукута қаласына келген Майк Помпео Вашингтонның осыған қатысты алаңдаушылығын білдірді.

Саяси дағдарыстың кесірінен 3 миллион Венесуэла тұрғыны ас-суға жарымай отыр. Дәрі-дәрмектің аздығынан медициналық мекемелер де халыққа тиісті көмегін көрсете алмайды. Саяси-экономикалық құрсауда қалған халықтың бір бөлігі Колумбиямен шекарадағы Кукута қаласына шұбырды. Помпеоның айтуынша, Мадуро биліктен кетсе, Венесуэладағы жағдай тұрақтанар еді. Оған септігін тигізер оппозиция басшысы Хуан Гуайдоны батыстың бірқатар елдері мойындаған. Алайда, Ресей, Қытай және Кубаның бұған көнбеуі қолбайлау болып тұр, дейді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы.

Майк Помпео, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы:

- Саяси және дипломатиялық байланыстар қыспаққа алғандықтан Мадуроның қиын жағдайға қалғанын көріп тұрсыздар. Біз де тиісті шараны қолданатын боламыз. Мадуроға қолдау көрсеткені үшін  Кубалықтар да жазасыз қалмайды. Ресейге қатысты айтарымыз да осы. 

Майк Помпеоның бұл мәлімдемесіне Қытай тарапы жауап қатып үлгерді. Арнайы ұйымдастырылған брифинг кезінде, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, Помпео Қытайдың Оңтүстік Америкадағы саясатын теріс бұрмалап отырғанын айтады. 

«Лу Кан, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Венесуэлаға қатысты Қытайға таққан жалған айыптарын естідік. Қытай Халық Республикасының бұған қатысты ұстанымы айқын. Біз БҰҰ-ның қағидалары мен мақсаттарын ұстанамыз. Сондай-ақ аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнағанын қолдаймыз. Майк Помпео мұндай мәлімдеме жасауын доғарғаны жөн». 

Ресей, Қытай және Кубаның Венесуэла Президентін жөнсіз қолдап отырғанын айтып, Бразилия АҚШ жағына шықты. Майк Помпео бразилиялық әріптесі Эрнест Араужумен кездескеннен кейін, АҚШ-тың мемлекеттік департаменті ресми мәлімдеме жариялады. Онда Венесуэланың ішкі мәселесіне сыртқы күштердің араласуына жол беруге болмайды, делінген. Ресей саясаттанушылары болса, Венесуэладағы ахуалдың түзелуі үшін АҚШ-тың өзі кіріскенді қоюы тиіс дегенді айтады.  Сондай-ақ Бразилияның Америкамен ауыз жаласуының өз себебі бар дейді саясаттанушы Геворг Мирзаян.

«Геворг Мирзаян, саясаттанушы:

Болсонару Латын Америкадағы солшыл режимдерге, әсіресе Венесуэланың саясатына қас. Сондықтан Бразилия Мадуроның режиміне түбегейлі қарсы. Оған қоса Оңтүстік Америка елдерінің арасында Бразилия өзін көш ілгері санайды. Сондықтан бұл аумақта өзінің идеологиясына қайшы келетіндердің барлығымен өштесіп алған».

Аталған елдердің қарсылығына қарамастан, Мадуроны биліктен ығыстыру үшін АҚШ қолдан келгеннің барлығын жасап бағуда. Мәселен, сәуірдің бесі күні АҚШ-тың қаржы министрлігі Венесуэланың мұнай өндіруші компаниясының 34 кемесіне қарсы санкция енгізген. Құрама штаттардың бұл әрекетін Венесуэланың сыртқы істер министрі адам құқығын таптаумен теңеді. Өйткені, Петролеус де Венесуэла ұлттық  компаниясы халықты сауықтырудың бағдарламасын іске асырады. Енді санкцияның салдарынан игі істі жалғастыру мүмкін болмай тұр. Бұл туралы Венесуэланың сыртқы істер министрі Хорхе Арреас твиттердегі парақшасында жариялады. 

Американың салған санкциясы мыңдаған Венесуэла тұрғынына кесірін тигізуде. Петроелус де Венесуэла ұлттық компаниясымен жасалған келісім аясында мыңдаған адам тиісті ем-домын алуы тиіс. Қаржылық операцияны іске асыру мүмкін болмағандықтан Италияда жілік майын ауыстыруды қажет ететін 25 баланың өмірі қыл үстінде тұр. 

Дағдарыс жайлаған Венесуэла халқының тағдыры қалай болары белгісіз. Венесуэлаға қатысты жекелеген мемлекеттердің саяси текетіресі қашан аяқталатыны да беймәлім. Белгілісі,  АҚШ Мадуроны халықты жұтатып жібергеніне кінәлайды. Ал Николас Мадуро өз кезегінде «Венесуэланың нағыз жауы Америка» деп отыр.

Хабар 24 телеарнасы