379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сочидегі «Атомэкспо-2019» форумына Қазақстан өкілдері де қатысуда

  • 105
  • UPD: 11:48, 16.04.2019

Сочи қаласында «Атомэкспо» форумы ашылды. Оның жұмысына 74 елдің 1600 өкілі қатысып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік мекемелер, ірі компаниялар және қоғамдық ұйымдардың жетекшілері таза энергетиканың дамуын, экология мен табиғи байлықтарға жауапты көзқарасты қалыптастыру мәселелерін талқылайды.

Биылғы форумның ұраны - «Өмірді жақсартуға арналған атом технологиялары». БҰҰ Жаһандық келісімінде белгіленген тұрақты дамудың 17 мақсатына жетуге ядролық технологиялар қандай көмек бере алады. Басқосуда талқыланатын басты тақырып осы. Арасында ашаршылық пен кедейлікке қарсы күрес, теңсіздікті азайту, таза су мен арзан энергияның қолжетімдігі, ауа райының өзгеруіне қарсы шара қабылдау мен табиғи экожүйелерді сақтау секілді ауқымды міндеттер тұр.

Алексей Лихачев, «Росатом» мемлекеттік компаниясының бас директоры:

Егер бүгінде атом энергиясын өндірмей, орнын көмірсутектермен ауыстырсақ, ауаға қосымша 2 миллион тоннадан астам көмірқышқыл газы шығатын еді. Бүкіл әлемдегі ормандар жылына екі жарым миллион тонна көмірқышқыл газын сіңіреді. Атом энергиясының ауаны тазартуға қосып жүрген үлесі бұдан сәл ғана аз.

Ауа райының өзгеруі бойынша үкіметаралық топ мамандарының мәлімдеуінше, 2018 жылы көмір қышқыл газын атмосфераға шығару рекордтық көрсеткішке жетті. Осыған қарамастан әлемнің әрбір алтыншы тұрғыны электр қуатымен қамтылмаған.

Уильям Мэгвуд IV, ЭЫДҰ ядролық энергия бойынша агенттігінің басшысы:

Адамдардың өз тұрмысын жақсартуға мүмкіндігі болуы керек. Таза ауыз суы мен денсаулық сақтау қызметі қолжетімді болуы тиіс, балаларымыздың оқитын мүмкіндігі бар болуы қажет. Осы мақсаттарымызға таза энергия көздерінсіз жете алмаймыз. Энергия – бүкіл әлем дамуының негізі.

Форумның жұмысына Қазақстан өкілдері де қатысып отыр. Шара аясында Ұлттық ядролық орталығымыз «Токамак» құрылысын аяқтағанын жариялады. Бұл ТМД елдерінде соңғы 10 жылда іске қосылған алғашқы зерттеу реакторы.

Ерболат Қоянбаев, ҚР Ұлттық ядролық орталығының өкілі:

- Оны пайдалануға қосып, алдағы үш жылда жобаланған қуатына жетеміз. 25 жылдан аса ресейлік ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Атом энергетикасымен қатар, термоядролық синтез саласында да зерттеулеріміз бар. Осы сауалдарды талқылау үшін келдік.

«Атомэкспоның» іскерлік бағдарламасында медицина, ауыл шаруашылығы, көлік пен машина жасау салаларында ядролық және радиациялық технологияларды дамытуға арналған дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланған.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы