377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Франция президенті: Нотр-Дам шіркеуін қайта саламыз

  • 140
  • UPD: 21:03, 16.04.2019

Францияның өрт сөндірушілері Нотр-Дам де Пари соборындағы бықсыған ұшқынды толығымен сөндірді.

Қазіргі таңда тиісті сала мамандары тілсіз жаудың зардабын есептеуге кірісті. Естеріңізге сала кетсек, кеше кешкісін Париждің көне архитектуралық ғимараты Нотр-Дам де Пари шіркеуі отқа оранды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Алайда тоғыз ғасырдан бері Франция халқының тарихынан сыр шертетін соборға орасан зор зардап келген. Рухани ескерткіштің жойылып кете жаздауына тұтас Еуропа халқы күйзелді.

Көне ғимараттың қасбетін (фасад) сақтап қалу үшін өрт сөндірушілер барынша абай болуға тырысқан. Соған қарамастан, тұрғындардың көзінше собордың шатыры опырылып түсті.

Нотр-Дам де Пари отқа оранды деген суыт хабар жер-жаһанға бірден тарады. Тіпті ұлт трагедиясына теңелген оқиға тікелей эфирден көрсетілді. Айта кетерлігі, 35 метрлік собор сүмбілдерінің биіктігі 69 метрге жетеді. Өкінішке орай, ешбір өрт сөндіру техникасы оларды бойлай алмады. Салдарынан тілсіз жау шіркеудің шатыры, сағаты мен шатырұшын жойып жіберді. ХІХ ғасырда қайта орнатылған шатырұшы қалың жұрттың көзінше опырылды. 500-ге жуық өрт сөндіруші тілсіз жауды тек таң атқанда ауыздықтай алды.

Талай мюзикл, спектакль мен операға арқау болған Нотр-Дам де Пари жайлы тоқтала кетсек. Париж орталығындағы сән-салтанаты жарасқан собор католиктердің рухани-материалдық мұрасы саналады. Бейнежазбада көрсетілгендей, шіркеу Готика стилінде салынған. Оның құрылысы 1163 жылы басталып, 1345 жылға дейін жалғасқан. Содан бері шіркеу сан мәрте қайта қалпына келтірілген. Франция Президенті Эммануэль Макрон соборды қайта салып шығамыз деп сендірді.

Эммануэль Макрон, Франция Президенті:

– Бұл француздардың тағдырына жазылған дүние болар, сондықтан біз бірігіп соборды қайта салып шығамыз. Алдағы жылдарға арналған ауқымды жобаға айналмақ. Ертеңнен бастап, шіркеуді қайта қалпына келтіру үшін жалпыұлттық жылу жинауды бастаймыз. Бұл жұмысқа талантты рестовраторларды тартамыз. Әр адам бұл игі іске үлесін қоса алатын болады. Біз міндетті түрде Нотр-Дамды қалпына келтіреміз. Өйткені, тұтас француз халқы енді осыны күтеді.

Белгілі болғандай, собордың негізгі құрылымы мен жиһазы сақталып қалды. Жалыннан шіркеудегі киелі жәдігерлерге зақым келмеген. Дей тұрғанмен, шатыры мен шатырұшын қайта қалпына келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Макронның үндеуінен кейін Иль-де Франс өңірі бұл мақсатқа 10 миллион еуро бөлмек. Сондай-ақ жекелеген бизнес өкілдері де үнсіз қалмады. Мәселен, француздың бақуатты Франсуа-Анри Пино әулеті Артемис инвестициялық компаниясы арқылы 100 млн еуроны аударатын болды. Ал Луи Виттон Моет Хеннеси трансұлттық компаниясы 200 млн еуро көлемінде қаржылай қолдау көрсетпек. Еуропалық одақ та Француз халқына қол ұшын созуға әзір екенін білдірді.

Антонио Таяни, Еуропарламенттік басшысы:

– Париждегі жағдайға қатысты француз халқымен бірге жүрегім қан жылап тұр. Жараның орны тез жазылмайтыны белгілі. Қолдау көрсету мақсатында қаражат жинау туралы ұсыныс түсті. Сондықтан пленарлық отырыс өтетін бөлме сыртына арнайы жәшік қоятын боламыз.

Алапат өртке қатысты Дональд Трамп француз халқына тілеулестігін твиттер арқылы білдірді. Алдымен өртті әуе күштері арқылы сөндірген абзал деп кеңесін де берді. Алайда олай жасауға болмайтынына көзі жеткен соң, «Құдай, француз халқына жар бола гөр» деп жазды. Еуропалық комиссия басшысы Жан-Клод Юнкер өртті тұтас адамзаттың рухани мұрасының трагедиясы деп бағалады. Батыс елдерінің көшбасшылары да өз лебіздерін білдіріп жатыр.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Өртке оранған шіркеуді көріп, қиналып қалдық. Нотр-Дам – Франция мен Еуропа мәдениетінің символы. Біз бауырлас француз халқымен біргеміз.

Дональд Туск, Еуропалық кеңестің басшысы:

– Қиын сәтте француз халқына тілекші екенімізді білдіргім келеді. Кезінде 90% жойылып, қайта жанданған Гданьск қаласының тұрғыны ретінде айтарым, сіздер де шіркеулеріңізді қайта қалпына келтіресіздер.

Католиктердің Пасха мерекесінің қарсаңында Нотр-Дам де Паридің отқа орануын әркім әрқалай топшылады. Дей тұрғанмен, бұл оқиға француз халқының бірігуіне себепші болады деген пікірлер айтылуда. Себебі соңғы кездері жиілеп кеткен «сары жейделілер» наразылығы халықтың берекесін қашырған еді.

Хабар 24 телеарнасы