378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондонда экобелсенділер ереуілі бәсеңдемей тұр

  • 141
  • UPD: 22:21, 19.04.2019

2025 жылға қарай көмірқышқыл газының атмосфераға таралуын тоқтату қажет әрі бұл үдерісті халық жіті бақылуында ұстауы тиіс. Ал британ үкіметі климаттың өзгерісі жайлы шындықты жасырмауы керек.

Extinction Rebellion, яғни қазақшаға аударғанда «Жаппай қырылуға қарсы төңкеріс» деп аталатын қозғалыс белсенділері осыны талап етуде.

Флур Харман, экобелсенді:

- Бұл балаларымыздың болашағы үшін өте маңызды. Қазірден бастап шара қолданбасақ, ертең ол алапат апатқа әкеліп соғуы мүмкін. Адамдар неліктен бізге қосылмайтынына таңым бар. Ондайлар бір күндік өмірін ғана ойлайды. Түптің түбінде климаттың өзгеруі барлығымызға бірдей әсер етпек.

Натали Лузморе, экобелсенді:

- Қоршаған ортаға қатысты мәселе ондаған жылдар бойы талқыланып келеді. Наразылық шараларын ұйымдастырдық. Хат та жаздық. Жолдарды жаптық. Бізді түрмеге жапты. Қанша іс-әрекет жасасақ та, бізді ешкім елеп жатқан жоқ. Өйткені, қазіргі саяси жүйе біз сияқты қарапайым азаматтар үшін жасалмаған. Саяси жүйе тек бай-манаптардың мүддесіне орай құрылған. Бүгін қалтаң ақшаға толы болып, ертеңгі ұрпаққа ешнәрсе қалдыра алмасаң оның бәрі не керек?

Әбден ашынған экобелсенділер «діттеген мақсатқа жетпей, қоймаймыз» деп көше шығып, жолдарға жатып алды. Оларға велосипед мінген азаматтар да қосылды. Би-Би-Си арнасына тиесілі ғимарат алдына жиналған олар, жаһан климаты жайлы шындықты айтыңдар деп ұран тастады.

Бес күнге жалғасқан акцияға жастар да қосылды. Олар «біз соңғы ұрпақпыз» деген ұранмен Хитроу әуежайына жиналды. Осылайша, экобелсенділер ешнәрседен тайынбайтынын аңғартты. Тіпті бір белсенді Канари-Уорф жүрдек поезына жабысып, елді шошытты. Тағы екеуі поездің төбесіне шығып кеткен. Полиция үшеуін де тұтқындады. Алайда олар тәртіп бұзғандарын мойындар емес. Осы секілді 10 белсендінің үстінен іс қозғалған.  

Ник Эфгрэйв, Скотланд-Ярд комиссарының көмекшісі:

- Адамдарды күніге тұтқынға алып жатырмыз. Қазір олардың саны 500-ге жетті. Әрине, наразылық білдірушілерлдің саны ұшан-теңіз. Қиыны сол олардың барлығын тұтқындау мүмкін емес.

Британдық тәртіп сақшыларына оңай тимей тұр. Пасха мерекесінде, яғни жұма мен дүйсенбі күндері демалуы тиіс полицейлер енді күшейтілген тәртіппен, 12 сағат жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар әзірге еңбек демалысына да шыға алмайды. Себебі, Extinction Rebellion белсенділері 29-сәуірге дейін Лондонның күре жолдарын жауып тастауға бекінген.

Климаттың өзгерісіне француздар да алаңдаулы. Белсенділер Францияның Сосьетé женера́ль трансұлттық компаниясының есік-терезесіне Президент Макронды бейнелеген қағаздарын жапсырып, ғимараттың кіреберісін бөгеп тастады. Осы арқылы Гринпис мүшелері мұнай және газ өндіруші компаниялардың қоршаған ортаны ластап жатқанынан наразылық білдірді. 

Еуропа белсенділері экологиялық мәселеге назар аударып қана қоймай, саяси жүйені сынап-мінеуге көшкен. Бұл ретте Швецияның 16 жастағы қоғам белсендісі Грета Тунберг туралы айта кетпеске болмас. Жаһандық климаттың өзгеруіне алаңдаған жеткіншек қазір Италияда жүр. Сенаторлар алдында сөз алған Грета өз ойын аға буын өкілдеріне арнады.   

Грета Тунберг, экология белсендісі:

- Біз, балалар сіздер құрған қоғамда,  болашағымызды, балалық шағымызды құрбан ете алмаймыз. Сіздер бізбен селфиге түссін деп, көшеге шыққан жоқпыз. Мен секілді жас белсенділерді қолпаштауды қажет етпейміз. Бізге сіздердің нақты әрекетке көшкендеріңіз керек. Сонда ғана жарқын болашақ жайлы армандай аламыз.

Грета Тунбергтің жанайқайын естір құлақ бар болғанмен, әзірге нәтиже көрінбейді. Ал белең алып бара жатқан наразылық шараларына қатысты Еуропа саясаткерлері әзір ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Хабар 24 телеарнасы