378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Порошенко мен Зеленскийдің пікірталасына 22 мыңнан астам адам жиналды

  • 173
  • UPD: 12:38, 20.04.2019

Украинадағы саяси науқан қыза түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел президенттігіне үміткер Зеленский мен Порошенко сөз сайысын «Олимпийский» стадионында ұйымдастырды. Пікірталас жарты сағатқа созылды. Осы уақыт аралығында тараптар бір-біріне өзекті сауал тастап, қарымта жауап қайтарып үлгерді.

Аида Қыдырбай, меншікті тілші:

– Украиналық бұқаралық ақпарат құралдары жазғандай, Порошенко мен Зеленскийдің дебатына билет небәрі екі сағатта сатылып кеткен. Бүгін «Олимпийский» стадионына 22 мыңнан астам жиналды, ал тәртіпті қадағалауға 10 мыңға жуық полиция жұмылдырылған.

Зеленский мен Порошенко сахнадағы сөз сайысын тізе бүгуден бастады. Бұл тағзым – Украина шығысы Донбаста қаза болған азаматтардың рухына арналды. Ең бірінші болып сөз алған Зеленский дебат шымылдығын қарсыласына сұрақ қоюмен ашты.

Владимир Зеленский, Украина президенттігіне үміткер:

– Интернет арқылы Украина азаматтарының сізге қойған сұрағынан. Неге мемлекетіміз кедей, ал оның басшысы асқан бай адам? Roshen магазині өртенгенде, оған қатысы бар қылмыскерлер төрт-ақ сағатта ұсталды. Ал әскери қоймадағы жарылыс және журналист Шереметтің өліміне жауапты адам әлі анықталған жоқ. Бес жыл өтсе де, Майдандағы кісі өліміне қатысты қылмыскерлер жауапқа тартылған жоқ. Украинадағы зейнетақы 1500 гривень ғана, осындай аз ақшаға өмір сүруге болады ма, айтыңызшы?

Петр Порошенко, Украина президенті:

– Біз Украина халқы, мемлекетімізді сақтап қалдық. Әлемдік аренадағы Украинаның беделі артып келеді. Еуропалық одаққа бағытталған саясатымыз сәтті жүзеге асуда. Халықаралық қаржы құрылымдары мен әлемдік лидерлер мен басқарған 5 жылдағы жетістікті құптайды. Ал сіз қайда қалдыңыз, қайда болдыңыз бұл кезде?

Владимир Зеленский, Украина президенттігіне үміткер:

– Медициналық реформаның аты ғана, шын мәнінде дәрігерлердің жағдайы өте мүшкіл. Олардың жалақысы аз және емханада жағдай жасалмаған. Украина жолдары туралы айтудың өзі артық, өйткені жол деген атымен жоқ.

Петр Порошенко, Украина президенті:

– Кедейлікпен күресіп келеміз. 2014 жылы мен президенттікке келгенде Украинаның жағдайы қандай ауыр болғанын сіз білмейсіз. Қазынада қаржысы мен алтын-валюта қоры түгесілген, әскері мен қаруы жоқ қауқарсыз ел еді. Сіз соны білгенде, мұндай орынсыз сұрақ қоймайтын едіңіз.

Осы сарындағы сөз сайысы 36 минутқа созылды. Алпыс мың орындық стадионға жиналған халықтың пікірі де саналуан: бірі сөз сайысына көңіліміз толды десе, енді бірі ешқандай жаңалық естігем жоқ деп жауап берді.

БЛИЦ:

– Президенттікке үміткерлер бір сахнада бас қосып, әдемі сайыс көрсете алды,  дебат мен ойлағаннан жақсы ұйымдастырылған.

– Стадионға келмей ақ, телеканалда ұйымдастыруға болатын еді. Сол баяғы ескі әндері, жаңалық естігем жоқ.

– Украина халқы бүгін ұйымшыл екенін танытты. Бір-біріне сыпайы, дебатты мәдениетті өткіздік.

– Ешқандай дүрлігу, оқыс оқиға орын алған жоқ, байқасаңыз жастар көп жиналған. Украинада саясат тақырыбы сәнге айналды, қуаныштымын, өйткені болашақ жастардың қолында.

– Жастардың көп жиналғаны рас, бұл – біздің азаматтық борышымыз.

Бүгін 20 сәуір – Украинада сайлау алдындағы «тыныштық күні». Жексенбі елде президенттік сайлаудың екінші кезеңі ұйымдастырылмақ.  

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы