378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлем бойынша тек АҚШ-та есту қабілетіне зәру адамдарға арналған университет бар

  • 144
Әлем бойынша тек АҚШ-та есту қабілетіне зәру адамдарға арналған университет бар

Әлемдегі халықтың 5 пайызы – есту қабілетіне мұқтаж жандар.

Яғни дүние жүзі бойынша 466 миллион адам саңырау екен. Олардың 34 миллионы – бала. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келтірген дерегі. Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасап, сапалы білім алуын кез келген ел қамтамасыз ете алмайды. Ал Америка Құрама Штаттары бұл мәселенің оң шешімін тапқан.

Әлем бойынша тек Америка Құрама Штаттарында ғана есту қабілетіне зәру адамдарға арналған Галлодет университеті бар. Ол ел астанасы – Вашингтонда орналасқан. Бүгінгі таңда мұнда әлемнің 34 мемлекетінен және жергілікті 40 штаттан студенттер дәріс алады. Университетте америкалық ым-ишарат тілі – амслене тілімен дәріс беріледі. Бизнес, компьютерлік қауіпсіздік, психология және тағы басқа қызықты салалар оқытылады. Бас-аяғы 2000 мыңға жуық студент бар. Статистика бойынша, оны бітірген түлектердің 97 пайызы жұмыспен қамтылған. Қазір бұл университетте оқитын шетелдіктердің саны күнде артып келеді.

Алдо Корнеджо, Галлодет университетінің түлегі, қаржы маманы:

– Мен Галлодет университетіне келгенге дейін, Перуде оқыдым. Басында АҚШ-қа келерде үрей басым болды. Қалай оқып кетемін деп қатты алаңдадым. Алдымен ағылшын тілін оқыдым, америкалық ым-ишарат тілін үйрендім. Содан қаржы мамандығына оқуға түстім. Галлодетте есту қабілеті төмен жандарға барлық жағдай жасалған. Бұл жерде шетелдерден келген студенттерге көмектесу үшін арнайы топ құрылған.

Галлодет университеті 1864 жылы қаланды. Әуелі керең және соқыр жандарға арналған мектеп болып жұмыс істесе, кейін жоғары оқу орны мәртебесіне ие болған. Жекеменшік университетте бакалавр, магистратура тіпті, докторантура да бар. Университетке есту қабілеті нашар адамдарды оқытуда белсенді еңбек еткен атақты ағартушы – америкалық Томас Хопкинс Галлодеттің аты берілген. Бүгінде мұнда оқутышылар құрамының білім-білігі кәдімгі университеттегілерден еш кем емес.

Мелисса Малскун, Галлодет университетінің цифрлық инновация және медиа стратегия менеджері:

– Технология жетістіктерін пайдаланып, біз керең адамдарға арналған телефонға жүктейтін қосымшалар ойлап таптық және де қостілді кітаптар шығардық. Басында біраз қиындықтар болса да, мамандарымыздың біліктілігі арқасында мақсатымызға жеттік. Кем-тар адамдарға барлық қолайлы жағдай жасауға тырысып жатырмыз.

Мұнда екі тоқсаннан тұратын бір жылдық оқу құны шамамен 12 мың доллардан асады. Дегенмен жатақхана мен тамағына оқу орнынан көмек көрсетіледі. Студенттердің 85 пайызы білім ордасынан материалдық жәрем алады. Сондай-ақ университет қалашығында 400-ге жуық жұмыс орны қарастырылған. Түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында оқу орны елдегі ірі компаниялармен тығыз қарым-қатынаста.

Хабар 24 телеарнасы