378.59 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондонда табиғат жанашырлары орталық алаңды басып алды

  • 148
  • UPD: 20:28, 20.04.2019
Лондонда табиғат жанашырлары орталық алаңды басып алды

Лондонда наразы жұрттың шуылы басылар емес. Қоршаған ортаның ластануына қарсы белсенділер орталық алаң мен көпірді және тағы бір үлкен көшені басып алды. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Наразылық шерулері дүйсенбіден бері жалғасып келеді. Экобелсенділер орталық көшелерді жауып, көлік қозғалысына, дүкендердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр. Бүгінге дейін полиция 600-дей адамды қамауға алды. Наразылық шарасынан 12 миллион фунт стерлинг шығын келген.   

Шеруді ұйымдастырушылардың бірі Том Синклер экология ластанғанымен билік міз бақпай отыр деп қынжылады. Сондықтан үкіметтен қазіргі қоршаған ортаның ахуалы туралы шындықты айтып, 2025 жылға дейін ауаның ластануын азайтуға бағытталған шаралар қабылдауды талап етті.  

Том Синклер, «Қырылуға қарсы көтеріліс» қозғалысының мүшесі:

- Үкімет бұған дейінгі бастамаларымызға құлақ аспады. Біз наразылық шараларын өткізіп, парламент мүшелеріне петиция да табыстадық. Бірақ еш нәтиже жоқ. Сондықтан Лондонның орталық көшелеріне шығып, шеру өткізуге мәжбүрміз. 

Шеру өтіп жатқан көшелерде наразылыққа қатысушыларға ыстық тамақ және сусын таратушы орталықтарды кездестіруге болады. Олар қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылған. 

Джозеф, «Қырылуға қарсы көтеріліс» қозғалысының мүшесі:

- Өткен-кеткен адамдар қарындарыңыз ашты ма деп сұрайды. Сөйтіп сатып алып береді. Осылайша олар бізді қолдағылары келеді. Полиция болса қуып жібергісі бар. Бірақ біз соңғы деміміз қалғанша осында боламыз.

Табиғатты қорғаушылар шеруді Пасха мерекесі тойланатын күндері мен одан кейінгі аптада да өткізуді көздеп отыр. Сөйтіп, қала тұрғындары мен қонақтар назарын осы мәселеге аударуды қалайды. Себебі акциядан келетін миллиондаған фунт шығын қоршаған ортаның ластануымен салыстырғанда түк емес дейді. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы