379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Францияда президентке нан өнімдерін пісіретін үздік наубайшы анықталды

  • 181
  • UPD: 09:52, 21.04.2019

Франция президентіне нан өнімдерін дайындайтын үздік наубайшы анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парижде дәстүрлі багеттер сайысы өтті. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаз Елисей сарайымен бір жылдық келісімшартқа отырды.

«Жылдың ең үздік багеті» атты ерекше сайыс наубайшылар одағының резиденциясында ұйымдастырылады. Ақтық сынға іріктеуден өткен 148 өнім түскен. Қазылар алқасы әрқайсының дәмін, иісін, сыртқы пішіні мен сапасын мұқият тексеруі тиіс. Комиссия мүшелерінің жартысы – қаланың қарапайым тұрғыны. Қалғаны – кәсіби наубайшылар мен атақты аспазшылар.

Фабрис Прошассон, Франция аспаздық академиясының президенті:

– Париж мэриясы байқаудың бас аспазшысы етіп тағайындауы – мен үшін үлкен абырой. Менің міндетім – дегустацияға келген париждіктерге көмектесу. Бұл өте қызық. Түрлі әдістермен дайындалған багеттерді көрдік. Наубайшылардың өз шеберлігін көрсетуге мол мүмкіндіктері бар.

Төрт сағатқа созылған дегустациядан кейін Париждің ең үздік наубайшысы анықталды. Жеңісі туралы оған телефон арқылы хабарлаған. Бірақ ол сенбегендіктен, сайыс ұйымдастырушылары жеңімпазды өздері барып құттықтады. Бұрын теміржол жобаларының меңгерушісі болған Фабрис Леруа осыдан 4 жыл бұрын мамандығын ауыстырыпты. Ал өзінің жеке наубайханасын тек 2017 жылы ашқан, сол себептен жеңіске жеткеніне еш сенбеді.

Фабрис Леруа, сайыс жеңімпазы:

– Расында да жеңіске жетуге үмітім болған жоқ. Күн сайын біз жан салып жұмыс істейміз. Байқауға да осылай багет әзірледік. Ұтқанымыз керемет болды.

Сайыс ережелері бойынша, жеңімпаз ақшалай сыйлық алып, Елисей сарайымен келісімшартқа отырады. Фабристің наубайханасына енді жұрт көптеп келеді. Өйткені жергілікті тұрғындар мен туристер президентке дайындалатын нанның дәмін татуға асық.

Авторлары: Әлия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы