389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шри-Ланкадағы жарылысқа қатысты күдіктілер ұсталды

  • 561
  • UPD: 21:42, 21.04.2019

Шри Ланка қайғы жұтты. Себебі дәл Пасха мерекесі кезінде лаңкестер бірнеше жарылыс ұйымдастырды.

Соңғы ақпарға қарағанда 207 адам опат болып, 500-ге жуығы жараланған. Қазір елде арнайы операция жүріп жатыр. Әзірге полиция 7 күдіктіні ұстаған. 

Шри-Ланка астанасы Коломбо мен оған жақын елді мекендерде барлығы 8 жарылыс болған. Оның алтауы таң алагеуімде жұрт Пасха мерекесіне орай шіркеуге жиналған кезде жүзеге асырылды. Лаңкестер Коломбо қаласындағы 1 католик шіркеуі мен 3 қонақ үйді және Негомбо мен Баттикалоа  мекеніндегі 2 шіркеуді нысанаға алған. Екі терактіні белдеріне жарылғыш байлаған жанкешті жасады. Кей ақпарға қарағанда опат болғандардың арасында шетелдік азаматтар бар.

Сивестер, куәгер:

- Жарылысты ести сала дереу балаларымды алып, таяу есіктен сыртқа ұмтылдым. Ауруханаға келгенде еденде ағам мен оның баласының өлі денесін көрдім.

Нишанта Пейрис, қонақ үй күзетшісі:

- Қонақ үйде алғашқы жарылыс сағат таңғы сегіздер шамасында болды. Содан кейін екінші жарылыс естілді.

Түс ауа тағы 2  жарылыс болды. Оның бірі хайуанаттар бағы маңында, екіншісі тұрғын үйлерге тақау маңда жасалған. 2 адам қаза тауып, 10 тұрғын жараланды. Алғашқы терактілерден соң премьер-министрі шұғыл отырыс өткізіп, елде коменданттық сағат енгізілді.

Ранил Викрамасингхе, Шри-ланка премьер министрі:

- Мен лаңкестіктен қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Лаңкестік елде тұрақсыздық туғызуға бағытталған. Біз діни орындарға жасалған шабуылдарды қатаң айыптаймыз. Қазір терактіні жүзеге асырғандарды ұстау үшін барлық шараларды қолға алып жатырмыз. Халықтан сабырлық танытуды сұраймын.

Әлем елдерінің басшылары қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, лаңкестікпен күресте күш біріктірудің қажеттігін мәлімдеп жатыр. Әзірге терактті кімдер ұйымдастырғаны белгісіз. Шри-Ланкада 2009 жылға дейін «Тамил Иламды азат ету жолбарыстары» деген ұйым дербес мемлекет құру үшін үкіметке қарсы әрекет еткен еді. Ал соңғы жылдары Ирак және Левант лаңкестік ұйымы күш ала бастаған.

Авторы: Дәурен Ақашұлы

Хабар 24 телеарнасы