389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мун Чже Ин Корея басшысы болғаннан бері оның туған қаласына турист көптеп барады

  • 581
  • UPD: 21:38, 21.04.2019

Елімізген Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Ин мемлекеттік сапармен келді.

Оңтүстік Корея басшысы Қазақстанда үш күн болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларын аралайды.

Оңтүстік Кореяның Кенсан Намдо провинциясындағы Намчон қазір осы елдегі ең танымал елді мекеннің бірі. Бұл жерде 1953 жылы елдің қазіргі президенті Мун Чже Ин дүниеге келген. Ол мемлекет басшысы болғаннан бері Намчонға ағылған саяхатшылар көбейді. Туристер президенттің балалық шағы өткен үйін көріп, ұнатқан тамағынан дәм татуға келеді. Чжэ Иннің кіндік шешесі тоқсан жастағы Чу Кён Сун де осында. Кейуана мен президенттің туған-туыстары Мун Чже Иннің кішкентайынан-ақ ақылды, алғыр болғанын айтады.

У Сон, Намчон ауылының тұрғыны:

- Кішкентай кезінде президент сабақты өте жақсы көрген еді. Сол кездегі аштық пен өзге де қиындықтарға қарамастан оқуын тоқтатқан емес.

1972 жылы Мун Чже Ин Сеулдегі Кёнхи университетінң заң факультетіне түседі. Бірақ жаңа конституцияны қабылдауға қарсы наразылық шарасын ұйымдастырғаны үшін оқудан қуылған. Осыдан кейін әскер қатарына алынып, жаяу теңіз күштерінің арнайы жасағында қызмет етеді. Тіпті екі Корея шекарасы маңында операцияларға да қатысқан. Әскери борышын өтегеннен кейін адвокат болады. 2000 жылғы президенттік сайлауда Но Му Хёнді қолдап, кейін оның әкімшілігін басқарды. Ал 2012 жылы Пак Кын Хемен додаға түсіп, сайлаушылардың 48 пайыз қолдауына ие болса да жеңіліп қалды. Кейін оған импичмент жарияланып, 2017 жылы кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жетеді. Билік басына келген соң 1 жылдың ішінде арасы суып кеткен ағайындас елмен қатынасты жақсарту туралы уәдесін орындап, Солтүстік Корея басшысы алғаш рет Оңтүстік Кореяға келді.

Мун Чже Ин 3 кореяаралық саммитке қатысып Ким Чен Ын мен президент Дональд Трамптың кездесуін ұйымдастыруға атсалысты. Жақында АҚШ-қа жасаған сапары барысында Солтүстік Корея мен АҚШ басшысының үшінші саммитін өткізу туралы келісімге қол жеткізді. Мақсат Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуға көндіру. Осы ретте Сеул Пхеньянның жойқын қарудан бас тарту ісінде Қазақстан тәжірибесіне сүйену керектігін айтады. 

Пэк Чу Хён, Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы бұрынғы елшісі:

-Жақында сіздің елде өткен Корея түбегін ядролық қарудан азат ету мәселесіне арналған халықаралық жиынға барып қайттым. Біз Қазақстанның жойқын қарудан бас тарту процесін бірлесіп зерттеу бойынша келісімге келдік. Бұл Корей түбегіндегі ядролық қару мәселесін шешуге септігін тигізеді деп ойлаймын. 

Президент Мун Чже Ин Қазақстан, Ресей және ТМД-ның өзге де елдерімен серіктестікті нығайту үшін Солтүстік экономикалық ынтымақтастық комитетін құрды. Ал Сыртқы істер министрлігінде Корея-Орталық Азия ынтымақтастық форумы жұмыс істейді. Өткен жылы Корея мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 3 миллиард долларға жеткен. Қос мемлекет ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті. 

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы