378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинадағы президенттік сайлауда В. Зеленский көш бастады

  • 327
  • UPD: 11:51, 22.04.2019

Украинада президенттік сайлаудың екінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

73,2 пайыз электораттың дауысын жинаған шоумен Владимир Зеленский президенттік бәйгеде жеңіске жетті. Петр Порошенкоға сайлаушылардың 25,3 пайызы дауыс берген. Ұлттық exit poll-дың алғашқы нәтижелері осындай.

Киев уақыты бойынша сағат кешкі сегізде дайын болған ұлттық exit poll-дың алғашқы нәтижесі – экранда. Біз Зеленскийдің сайлау нәтижесін көргендегі алғашқы эмоциясын таспаладық. «Ешқандай пафоссыз баршаңызға рақмет», – дейді ол.

Владимир Зеленский, Украина президенттігіне үміткер:

– Бұл – бәріміздің жеңісіміз, Ата-анама, жарыма алғысым шексіз. Украина xалқының үмітін ақтаймын, жерге қаратпаймын деп уәде беремін.

Пётр Порошенко, Украина президенті:

– Келесі айда президенттік қызметтен кететінім белгілі. Көптің қалауы осы болды, сондықтан бұл шешімді мойындаймын. Мен және менің командам жаңа президентке Украинаның ұлттық мүддесі, оның ішінде НАТО мен Еуроодаққа бағытталған саясатына қатысты жұмысына қол ұшын беруге әзірміз.

Украина президенттігіне үміткер Владимир Зеленскийдің негізгі бағдарламалық жоспарларын атап өтейік. Ең алдымен Украина шығысындағы соғыс пен оқты тоқтату жұмысына күш жұмсаймын дейді. «Норманд форматында» келісім мен «Минск жиынын» жаңа қалыпта қайта жалғастыру керек дегенді айтады. Сондай-ақ үкіметте бас прокурор Луценкодан бастап, кадрлық өзгерістердің орын алатын да жасырмайды. Жемқорлыққа қатысты заң жүйесіне де жүйелі өзгерістердің қажет екенін мойындайды.

Андрей Герус, Зе командасының мүшесі:

– Мен Зеленский командасындағы энергетика, тұрғын-үй коммуналдық қызметтер және монополияға қарсы реттеу саласы бойынша сарапшымын. Біз энергонарыққа қатысты мәселені реттеуіміз керек, монополияны азайтып, бәсекелестікті күшейтуіміз қажет. Қарапайым мысал келтірейін, Украина олигарxтары елде өндірілетін электрқуатын Венгрияға арзан, ал өз еліне екі есеге қымбатқа саудалайды. Мұндай әділетсіздікке жол берілмеуі тиіс.

Дмитрий Разумков, Зеленскийдің политехнологы:

– Президенттік сайлау компаниясы басталғанда Владимир Зеленский президент бола тұрып, адамгершілікті сақтап қалудың үлгісін көрсеткім келеді деп еді. Сол жоспарының мүлтіксіз орындалғанын көргіміз келеді. Әлемде Украинаға тілеулес елдер баршылық. Қазақстан сол тізімде бар. Мемлекеттің жаңа басшысы xалықаралық достықты нығайта түседі деп сенгіміз келеді.

Станислав Белковский, публицист, «Ұлттық стратегия институтының» директоры:

– Мемлекет басшысы өзінің бизнес және экономикалық қызығушылығын ұлттық мүддеден жоғары көрмеуі тиіс. Оны сайқымазақ деп келеке етеді. Алайда жоғары қызметтегі Уинстон Черчиль мен Рональд Рейгенді тариx біледі. Зеленский Макрон сияқты еуропалық типтегі жас басшы болады.

Аида Қыдырбай, меншікті тілші:

– 1 мамырға дейін Украинаның орталық сайлау комиссиясы елде ұйымдастырылған президенттік сайлаудың екінші кезеңі туралы толық нәтижені жариялайтын болады. 3 маусымға дейін жаңа сайланған Украина президенті Жоғары радада ант қабылдап, президенттік қызметіне кіріспек.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы