379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейбіт күнде қырғын салған қаскөйлер кім?

  • 175
  • UPD: 21:45, 22.04.2019

Шри-Ланкадағы жарылыстардан қаза тапқандар саны 290-ға жетті. 500 адам жарақат алған, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Естеріңізге салайық, Пасха мерекесі күнінде Коломбо қаласындағы ғибадатханалар мен қонақүй кешендерінде бір мезетте алты бірдей жарылыс болды. Қаскөйлер мұнымен де тоқтамай, тағы екі жерде қантөгіс ұйымдастырған. Көз жұмғандардың арасында шетел азаматтары да бар.

Осыдан ай бұрын Жаңа Зеландиядағы мешіт жамағаты жаппай оққа ұшты. Сол терактінің Шри-Ланкадағы сойқанмен ұқсастығы да, айырмашылығы да бар. Ұқсастығы: екі жағдайға да діни алауыздық түрткі болды. Тек, Жаңа Зеландиядағы жауыздықты жалғыз адам ұйымдастырса, Шри-Ланкадағы лаңкестік әрекетті ұйымдасқан топ жасаған.

Христиандардың Пасха мерекесінде содырлар сегіз мәрте ойран салды. Жүздеген адам оқиға орнында опат болып, жарты мыңға жуығы жарақат алды.  Жанкештілер үш ғибадатхана, бір тұрғын үй, үш қонақүй кешенінде өздерін жарып, жазықсыз жандарды ажал құштырды. Қаза тапқандардың арасында Түркия, Нидерланд, АҚШ,  Бельгия мен Ұлыбритания азаматтары бар. Бір ғана Қытайдан барған 35 адамның көз жұмғаны жайлы дерек бар. 

Ранил Викрамасингхе, Шри-Ланка Премьер-министрі:

- Мен мұны елдің тыныштығын бұзып, экономиканы әлсірету үшін жасалған әрекет деп білемін. Бұл - қоғамда діни араздық тудыруды көздеген шабуыл. Қантөгіске қатыстыларға кешірім жоқ.

Хабар 24 телеарнасы