378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Испаниядағы сайлау: жеңіс пе, әлде жеңіліс пе?

  • 112
  • UPD: 23:39, 29.04.2019

Өткен жексенбі күні Испаниядағы парламенттік сайлауда елдің социалистік-жұмысшы партиясы басым көпшіліктің даусымен жеңіске жетті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осылайша партия 350 орындық депутаттар конгресінде 123 мандатқа ие болды. Алайда осы жолғы сайлауда VOX оңшылдар партиясының парламентте 24 орынға қол жеткізуі күтпеген оқиға болды.

Айта кетерлігі, бұл – Испанияда соңғы төрт жылда үшінші рет өткен парламенттік сайлау.

VOX партиясының 24 өкілі парламентте депутаттық мандатқа ие болғанын айттық. Сонда бұл Испания саясаты үшін нені білдіреді?

1930-жылдардан бері Испания қоғамы оңшыл және солшыл қанатқа бөлінген. Оның өзінде оңшылдар санатында Испанияның халықтық партиясы, «Азаматтар» және VOX ұлттық партиясы бар. Ал көп дауысқа ие болған Социалистік партиядан бөлек, солшылдар қатарында Каталонияның республикалық партиясы, Подемос және VOX партиялары бар. Парламент сайлауына түскен 13 партияның салмағын сандармен сараптайтын болсақ: Социалистік-жұмысшы партиясы 123 мандатқа ие болып, өзгелерден озып шықты. Ал 66 мандатқа қол жеткізген халықтық партиясы екінші орында. «Азаматтар» партиясы 57 депутаттық орынмен алғашқы үздікті түйіндейді. Парламенттегі 42 орынды Подемос иеленді.

Әрине, 350 орны бар Парламентте 123 мандатқа ие болу – социалистік партия үшін үлкен жетістік. «Алайда сарапшылар қуануға әлі ерте», – дейді. Себебі, өзге де оңшылдармен бірге VOX партиясының күтпеген жерден халықтың 10 процент дауысымен 24 мандатқа ие болуы басқарушы партияға қатер төндіреді. Бұған егемендік үшін күреске түскен Каталония мәселесі түрткі болды.

Катя Адлер, ВВС арнасының Еуропа бойынша сарапшысы:

- Каталонияның егемендік алуға ұмтылуы және испан саясаткерлерінің бұл жағдайды реттей алмауы қоғамда наразылық тудырды. Сол себепті,  сайлаушылар VOX ұлттық популистік  партиясын қолдады.

Игорь Пшеничников, сарапшы:

- Қайткен күннің өзінде социалистік жұмысшы партиясы каталондық партиялардың қолдауына мұқтаж. Санчес берген уәдесін орындамағандықтан, дәл осы каталондық партиялар үкіметтік одақтан шығып кеткен болатын. Мұның арты жаңа сайлауға ұласты.

Осылайша, испан парламентінің негізгі партиясы тағы да қиын жағдайға қалмақ. Алайда халі бұдан да мүшкіл Венесуэла оппозициясы Испания билігіне үміт артып отыр.  Бұл ретте оппозиция жетекшісі Хуан Гуаидо Twitter-дегі жазбасында былай деп келтіреді.

Хуан Гуаидо:

- Испанияда демократияның салтанат құруына куә болып отырмыз. Тарихымыз бір испан халқына қашан да тілектеспіз. Сондай-ақ жаңа саяси кезеңде Испания үкіметі Венесуэланың дағдарыстан шығуына атсалысады деген үміттеміз.

Сарапшылардың пікірінше, VOX партиясының Испания парламентіне өтуі Брюссельдегі либералдар үшін де қауіпті. Өйткені жуырда Еуропарламентке сайлау өтетіні белгілі. Бұл ретте оңшыл бағыттағы партияның ықпалы тұтас Еуроодаққа әсерін тигізуі мүмкін.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы