378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузия білім беру саласын реформалауда

  • 109
  • UPD: 09:51, 30.04.2019

Грузия биылдан бастап білім беру саласын реформалап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми Тбилисидің мақсаты ағарту саласын оңтайландырып, Еуропа жүйесімен үйлестірмек.

«Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы». Осындай қағида ұстанған Грузия үкіметі елді дамыту стратегиясында ғылым мен білімге басымдық беріп отыр. Елде ағарту жүйесінің реформасы қолға алына бастады

Мамука Бахтадзе, Грузия премьер-министрі:

– Алдымызда көптеген сын-тегеурін тұр. Олардан сүрінбей өтудің ең жақсы амалы – күшті ағарту саласын құру. Ғылым мен білім ел болашағының іргетасы болатынына сенімдіміз. Тек білікті және өз күшіне сенімді ұрпағымыз елді алға басады. Грузияға тез дамып, еуропалық қауымдастыққа қосылуға мүмкіндік беретін мықты адами капиталды дайындауымыз керек. Осы тұрғыда мәселе жететінін мойындау қажет. Түпкілікті реформасыз оларды шешу мүмкін емес. 

Реформа аясында жаңа мектептер салу мен көнелерін жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар оқу орындарының қауіпсіздігі күшейтілмек. Ұстаздың дәрежесі мен оның тәрбие берудегі үлесіне ерекше көңіл бөлінеді.

Михаил Батиашвили, білім, ғылым, спорт және мәдениет министрі:

– Мектеп сегменті күшейтіледі. Емтихандар санын барынша азайтамыз. Оқуға түсу үшін қай пәндерді тапсыратынын университеттердің өздері шешеді. Жалпы бұл ата-аналардың қаражатын үнемдейтін түрі бар. Қазір білімнің тиісті деңгейін бермейтіндіктен, репетиторларға көп ақша жұмсайды.

2020 жылдан бастап жоғары оқу орындарына түсуге қажет емтихандардың саны қысқарады. Енді талапкерлер грузин мен шет тілін және білім ордасы белгілеген пәнді тапсырады. Сондай-ақ биыл мектеп бітірушілеріне де емтихандар алынып тасталды.

Ирина Абуладзе, білім, ғылым, спорт және мәдениет министрінің орынбасары:

– Емтихандарды алып тастау білімі өзге түрде бағаланбайтынын білдірмейді. Енді алтыншы мен оныншы сыныпта аттестация өткіземіз. Ол сараптамалық сипатта болады, мәселелерді анықтап, оқушылар мен ата-аналарына қай бағытта жұмыс істеу керектігін айқындау үшін.

Министрлік өкілдері Грузияда таңдаулы мектептер болмайтынын ерекше атап жүр. Бүкіл оқу орындарында сапалы білім берілуі тиіс. Елдегі білім реформасы төрт жылға жалғасады. Оның мақсаты – Грузияны аймақтағы ағарту орталығына айналдыру.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы