379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Мадуро: Қақтығыстың артында АҚШ тұр

  • 187
  • UPD: 13:49, 07.05.2019

Венесуэладағы дағдарыс ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оппозиция басшысы, өзін-өзі уақытша президент етіп жариялаған Хуан Гуайдоның халықты наразылық шарасына шақыруы қақтығыспен аяқталды. Салдарынан қаза тапқан тұрғындар бар. Ал елдің қазіргі президенті Николас Мадуроның айтуынша, бұл көтерілістің артында АҚШ тұр.

Каракастағы Мадуро режиміне қарсы наразылық шарасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері 27 жастағы әйел адамға оқ атқан. Салдарынан жарқаттанған тұрғын оқиға орнында қаза тапты. Бүгінгі БАҚ құралдарының жарыса жазып жатқан ақпары осы. Елдің үкіметтік емес ұйымы бұл оқиғаны қатаң сынға алып отыр. Олардың айтуынша, жарақат алған тағы бір келіншек аураханада көз жұмған. Диктатураға қарсы ереуіл осылай қайғылы қақтығысқа ұласты. 2 адам қаза тауып, 130-дай тұрғын түрлі деңгейде жарақат алған.

Қақтығыстан қорқып, ашынған жұрттың жан айқайына шетелдегі венесуэлалықтар да қосылып жатыр. Испанияның Мадрид қаласында жүздеген халық жиналып, Хуан Гуайдоға қолдау білдірді. Және қазіргі президент Николас Мадуро режиміне көңілі толмайтындықтарын айтты.

Антонио Ледезма, Каракастың бұрынғы мэрі:

- Конституция бойынша саяси қадамдар жасап, тек өз позициясын ғана қорғап отырған азамат еліне пайда әкелмейді. Хуан Гуайдо Мадуро диктатурасымен аяққа тапталған заң жүйесін қалыпқа келтіріп жатыр. Мадуро режимі халықты қажытып, жан-жаққа безуге мәжбүрлеп жіберді. Сол себепті Хуан Гуайдоны ше елдік венесуэлалықтар да бірауыздан қолдайды.

Хуан Гуайдоның келтірген ақпарына сай, ел бойынша мұндай наразылық акциясы 397 жерде өткен. «Егемендік операциясы» деп аталатын ереуілдің басым бөлігі тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұласқан. Оппозиция басшысының «ұлттық әскер біздің жақта» дегеніне қарамастан, ереуілшілерге қарсы көз жасаурататын газ қолданылған, оқ атылған. Тіпті броньдалған көліктер акция қатысушыларының үстінен басып өткен. Соған қарамастан 50 шетелдік мемлекеттің қолдауына ие болған Гуайдо «өліспей беріспейміз» деп отыр.

Хуан Гуайдо, оппозиция көшбасшысы:

- Елдегі Мадуро режиіміне нүкте қоюымыз керек. Ол мақсатқа жетуімізге сәл-ақ қалды. Шынында сусыз, жарықсыз, дәрі-дәрмексіз қашанға дейін өмір сүруге болады? Бұл – Мадуроның диктаторлық саясатының салдары. Егемендік, демократия және бақытты, бейбіт өмірге жету үшін қанша құрбан керек? Бастысы, біз дұрыс жолдамыз. Ереуілдерді соңына дейін жалғастырамыз!

Венесуэла президенті Николас Мадуроның жақтастары да жаппай көшеге шықты. Олар билікке оппозицияның араласуына жол бермейміз дейді. Ал Николас Мадуроның өзі бұл істің артында АҚШ-тың, Дональд Трамп пен Джон Болтонның тұрғандығын айтады.

Николас Мадуро, Венесуэла президенті:

- Елдің тұтастығына іріткі салып отырған – АҚШ. Гуайдо солардың қуыршағы. Кеше Помпео мені арнайы ұшақпен Кубаға қашпақ болды, Ресейліктер көнідіріп алып қалды дегенінінің барлығы жалған. Ақпараттық шабуыл. Сол себепті мемлекетті өзгелердің қолына бермеу үшін қолдан келгенін жасаймыз.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның мәлімдемесін ресми Мәскеу жалған ақпар деп мәлімдеді. Ізінше Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Майк Помпеомен телефон арқылы сөйлесіп, Каракастың ішкі жағдайына Вашингтонның араласуы халықаралық құқық бұзушылық деп айып тақты.

БҰҰ тараптарды сабырлы болуға шықырып отыр. Әлем елдері де елдегі тұрғындар сынды өз жақтастарының сөзін сөйлеуде. Мәселен, Ресей, Куба, Қытай Мадуроны қолдап отыр. Ал Еуроодақ, АҚШ, Канада сынды елдер Гуайдоның президент екенін алға тартуда.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі 

Хабар 24 телеарнасы