378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан тұрғындары уақытша берілген жеңілдікпен көліктерін жаңартуда

  • 158
  • UPD: 09:08, 03.05.2019

Қырғызстанда жұрт автокөліктерін біртіндеп жаңарта бастады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұған Еуразиялық экономикалық одақтан тыс жерде шығарылған көліктерге баж салығын азайту түрткі болған. Алайда бұл жеңілдік уақытша берілген, оның мерзімі биылғы жылдың соңында аяқталады. 

Былтыр жазда Қырғызстан үкіметі Еуразиялық экономикалық одақтан тыс жерде шығарылған автокөліктерге баж салығын азайту туралы шешім қабылдаған. Оның мөлшерлемесі 2014 жылғы көрсеткішке дейін төмендетілді. Орта есеппен ол қозғалтқыш көлемінің әр текше сантиметріне 40 цент құрайды. Осыған дейін қырғызстандықтар 10 есе көп төлеп жүрген.

Эрулан Кокулов, автоблогер:

– Жұрт қаражаты жететін көлік сатып алады. Дегенмен тәуірін алғысы келеді. Бұрын Еуропа немесе АҚШ-тан жақсы машиналар әкелетін. Ал баж салығы көтерілгеннен кейін сол ақшаға кореялық көліктер сатып алуға мәжбүр болған. 

Елдегі көліктердің жаңаруымен қатар үкімет шешімі тағы да бір пайда әкелді. Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеннен кейін автокөлік импорты күрт азайып, қазынаға түсетін баж салығы төмендеп кетті. Ал былтырдан бастап қырғызстандықтар қайтадан шетелден көліктер әкеле бастаған.

Ринат Шамсутдинов, автосайт редакторы:

– Осыны байқау үшін маман болу қажет емес. Қалада жүрген таксилерді көрсеңіз, 2005-2008 жылдан жоғары. Баж салығы төмендегендіктен, адамдардың жаңа көлік сатып алуға мүмкіндіктері бар.

Еуразиялық экономикалық одаққа кіргенде Қырғызстан салық түрлері бойынша бірқатар жеңілдік беруді сұраған. Бұл тізімде автокөліктер де бар. Осы құқығын пайдаланып үкімет уақытша баж салығын төмендетті. Оның мерзімі биыл 31 желтоқсанда бітеді. Сонымен қырғызстандықтарға көліктерін жаңартып алуға әлі жеті айы бар.

Авторлары: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы