378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шереметьеводағы ұшақ апаты: Мурманск облысында үш күндік қаралы күн жарияланды

  • 135
  • UPD: 10:22, 06.05.2019

Мәскеуде жолаушылар ұшағы апатынан 41 адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әуе көлігі Шереметьево әуежайынан кешкі сағат алтыда ұшқан болатын. Ұшақ апатты жағдайда конған кезде өртеніп кеткен.

Мәскеуден Мурманскіге бағыт алған ұшақтың бортында 73 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Ұшақ көкке көтерілгеннен кейін 28 минуттан соң апатты жағдайда қонуға мәжбүр болып, Шереметьево әуежайына қайта оралды. Белгілі болғандай, ұшақтың қозғалтқышы өртенген. Дәл осы сәтті куәгерлер ұялы телефонына түсіріп үлгерген.

Құтқарушылар жолаушыларды ұшақтың басқышы арқылы сыртқа шығарған. «Аэрофлот» компаниясының баспасөз хатшысы адамдарды эвакуациялауға 55 секунд уақыт кеткенін айтады.

Елена Марковская, тергеу комитетінің өкілі:

– Тергеушілер мен психологтар әуежай терминалында 28 адаммен жұмыс істеп жатыр. 5 адамға медициналық көмек көрсетілді. Ұшақ бортында болған 78 жолаушының 37-і аман қалды. Олардың 33-і жолаушы болса, төртеуі экипаж мүшесі.

Мурманск облысында үш күн бойы қаралы күн деп жарияланды. Қазір әуежайға осы рейске отырған жолаушылардың жақындары жиналып жатыр.

Андрей Чибис, Мурманск облысы губернаторының уақытша міндетін атқарушы:

– Мурманск облысында бүгіннен бастап 3 күн бойы қаралы күн деп жарияланды. Апатқа ұшыраған ұшақ бортындағы жолаушылардың жақындары мен туған-туыстары біздің әуежайда жиналып жатыр. Олармен психолог мамандары жұмыс істеуде.

Тергеу комитеті қозғалыс қауіпсіздігі мен әуе көлігін пайдалану ережесі бойынша қылмыстық іс қозғады. Лайнердің өндіруші компаниясы ұшақтың толық өртенгенін хабарлайды. Белгілі болғандай, жыл басынан бері бұл компанияға тиесілі ұшақтарда 3 мәрте техникалық ақау тіркелген екен. Ал Ресей БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, жуырда Еуропа осы үлгідегі ұшақты пайдаланудан бас тартты.

Қазір апаттан зардап шеккендердің барлығы ел астанасындағы ауруханаларға жеткізілді. Әуежай жұмысын жалғастырып жатыр. Алайда кейбір рейстердің уақыты өзгертілген. Мәселен Шереметьевоға қону керек болатын кейбір ұшақтар Домодедово, Санкт-Петербург пен Нижний Новгородтағы әуежайларға бағыттарын өзгертті. Ал 17 рейс кейінге шегерілді.

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы