378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейдегі жолаушы ұшағының апатын тергеу амалдары жүріп жатыр

  • 138
  • UPD: 22:32, 06.05.2019

SSJ-100 ұшағы Мәскеу уақытымен кешкі 6 сағат 02 минутта әуежайдан ұшып шыққан. 

Бағыт Мәскеу-Мурманск. Бірақ, көкке көтерілген әуе көлігі төтенше жағдайда жерге қонуға рұқсат сұрайды. Одан 28 минут өткен соң, яғни 18:30 шамасында қанатымен жер сызып қонған. Ұшақтың тең жартысы өртеніп кетті. Әуежайдың ақпары бойынша апатты-құтқару бригадасы мен дәрігерлер екі минутта оқиға орнына жеткен. Десе де, 41 адамның өмірін ажалдан алып қалуға үлгермеді. Тек борттағы 78 жолаушының 37-сі аман қалды.    

Елена Марковская, Ресей Тергеу комитетінің өкілі:

- Ұшақтың бортында 73 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Қазір 28 жолаушы әуежай терминалында. Олармен тергеушілер және психологтар жұмыс істеп жатыр. Борттағы 78 адамның 37-сі аман қалды. Оның 33-і жолаушы 4-еуі экипаж мүшесі. 

Алдын ала ақпар бойынша «Суперджеттің» командирі радиожүйе істен шыққан соң әуежайға оралмақ болған. Артынша,  диспетчермен тілдесетін арна да үзілген. Осылайша, байланыссыз қалған әуе көлігі бак толы отынымен жерге қонуға мәжбүр болады. Себебі жанармайды тауысу үшін көкте ұшуға рұқсат керек болған. Салдарынан ауыр ұшақ қону жолағына салмақпен түсіп, арты өртке ұласқан. Ал, кейбір БАҚ өкілдері ұшаққа найзағай түсуі мүмкін дейді. Салдарынан әуе көлігінің автожүйесі істен шыққан-мыс. Бұл нұсқаны апаттан аман қалған жолаушы Дмитрий Хлебушкин де қостайды. 

Дмитрий Хлебушкин , аман қалған жолаушы:

- Ұшаққа найзағай түскендей болды. Мен аппақ жарықты көрдім. Аман қалуым борттағы қызметкерлердің арқасы. Стюрадессалар жоғары температураға қарамастан, қызыл жалыннан адамдарды алып шықты.

Тергеу комитеті ұшқыштар мен диспетчерлердің төмен біліктілігін де бір нұсқа ретінде қарастыруда. Не болсада оқиға орнынан  қара жәшік табылды. Ресей Президенті Владимир Путин апаттың себебін тез арада анықтауды тапсырды. Премьер-министр Дмиртий Медведев бұл оқиғаны тергеуге байланысты мемлекеттік комиссия құруды бұйырды.  Осы SSJ ұшағының қозғалтқышын жасайтын француздық компания да тергеуге қатысуға ниет білдірген. 

«Тергеу қай салаға басымдық беретінін анықтаған соң, біз міндетті түрде өз мамандарымызды жіберетін боламыз. Істі жүргізу барысында қажетті құжаттар мен ақпарларды ұсынуға дайынбыз. Тергеуге барынша көмектесеміз». POWER JET компаниясы

Жалпы бұл шетелдік компаниялардың қатысуымен Ресейде өндірілетін «Суперджет» ұшағының бірінші рет апатқа ұшырауы емес. Осыдан жеті жыл бұрын Индонезияда бұл ұшақ алғашқы рейсінде-ақ ұшқыш пен диспетчердің қателігінен тауға соғылып, күл-паршасы шыққан еді. 45 адам қаза тапқан апатқа мамандар кінәлі болғандықтан, ол жолы әуе компаниясының абыройына нұқсан келмеген. Одан бөлек бірнеше мәрте апатты жағдайда қонған. Ал бұл жолғы қайғылы оқиғаның орны бөлек. Билік қаза тапқандардың отбасына қаржылай көмек береміз деп отыр.

Андрей Чибис, Мурманск облысы губернаторының қызметін уақытша атқарушы:

- Бүгіннен бастап Мурманск облысында үш күндік қаралы күн жариялаймыз. Қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Біздің тараптан қолдан келген көмекті көрсетуге дайынбыз. Қаза тапқан жолаушылардың отбасына 1 млн рубль зардап шеккендер мен ауруханаға түскендерге 500 млн. рубль көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі.

Қазір апатқа байланысты тергеу жүріп жатыр. Бір апат. Бірнеше нұсқа. Зардап шеккендер психологтардың бақылауында. Ал әлем жұрты қаза тапқандардың жақындарына қайғырып, көңіл айтты.

Хабар 24 телеарнасы