378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иран үшін санкция салмағы қаншалықты ауыр?

  • 124
  • UPD: 23:00, 09.05.2019

АҚШ Иранға қарсы жаңа санкциялар салмақ. Салдарынан елдің өндірістік саласы зардап шегіп, экономикалық өсімі бәсеңдеуі мүмкін.

Әсіресе мұнайдан кейінгі негізгі табыс көзі болып саналатын  темір, болат, алюминий мен мыс саудасының бәсеңдеу қаупі бар. Ұлыбританияға іс-сапармен келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео осылай деді. Сондай-ақ Трамп бекіткен құжатқа сай АҚШ аумағындағы темір өндірісіне қатысы бар барлық ирандық азаматтардың шоттары бұғатталады.

Майк Помпео, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы:

- Иран режимінен әлемге келіп жатқан зиян көп. Біз барлық елмен бірігіп сол қатерге төтеп беруіміз қажет. Америка Құрама Штаттары ұлттық қауіпсіздік үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Қаулы және тиісті құжаттар дайын тұр. Алдымен, Иранның нақты қандай қадамға баратынын күтейік.

Жалпы жағдайдың ушығуына 2018-ші жылдың мамыр айындағы АҚШ мәлімдемесі әсер етті. Ол кезде Америка ортақ ядролық келісімнен шығып, Иранға қарсы санкцияны жаудырған еді. Тіпті шет мемлекеттерге де Тегерандық мұнай алуға тыйым салды. Шектеу шаралары мемлекет экономикасына айтарлықтай әсер етті. Одан бөлек, Вашингтон  Иранның «Ислам революциясының сақшылар корпусы» атты әскери бөлімшесін шетелдік лаңкестік ұйымдар тізіміне кіргізді. Ашуға булыққан Иран президенті  Хасан Роухани келісімде қалған өзге елдерге сес көрсетті.

Хасан Рухани, Иран президенті:

- 2015 жылы қол қойған ядролық келісім-шарттың кей міндеттемелерін орындаудан бас тартамыз. Құжатқа сай, Иран байытылған уранды ел ішінде қалдырмай, сырт мемлекеттерге сатып отыру тиіс болатын. Ресми Тегеран осы міндетті орындаудан бас тартады. Оны 60 күнге уақытша тоқтатады. Өйткені келісімді бекіткен өзге елдер мұнай және банк саласына қатысты өз міндеттерін орындамай отыр.

Ресми Тегеран бұл мәлімдеме арқылы Еуропа елдерінен АҚШ-тың біржақты санкциясына қарсы көмек сұрауға ниеттенгенін айтады. Бірақ, қолдау көрсеткен еуропалық елді көрмедік.

Джереми Хант, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:

- Иран ядролық бағдарламасына шектеу қойылса, санкция салынбайды деп келісілген еді. Егер Тегеран құжаттағы шарттарды орындаудан бас тартса, оның теріс жақтары болады.

Хейко Маас, Германия сыртқы істер министрі:

- Біздің ұстанымымыз бұрынғыдай. Иран ядролық бағдарламасын күшейтпес үшін бұл келісімді сақтап қалуға тырысамыз.

Қолдау таппаған Хасан Рухани санкция жалғаса беретін болса, Парсы шығанағын жауып тастайтындығын айтады. Халықаралық нарыққа шығатын мұнайдың басым бөлігі осы Ормуз бұғазы арқылы өтетінін ескерсе керек. Бұл жаңалықтан соң Вашингтон Парсы шығанағындағы әскерін күшейте бастады. Тіпті өңірге  Abraham Lincoln авиатасмалдағышы мен B-52 бомбалаушы авиациясы бар тактикалық тобын жіберді. АҚШ-тың бұл қадамын Ресей тарапы қатаң сынға алып отыр.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

- АҚШ-тың Парсы шығанағына техникасын жіберіп, ондағы әскерін күшейтуі жағдайды ушықтырып отыр. Ақ үй сол арқылы сес көрсетпек. Мұндай жағдай Таяу Шығыста, Венесулада да болған еді. Бұлай қоқан лоққы көрсеткенше, мәселені неге дипломатиялық тұрғыда шешпеске? Халықаралық құқық пен БҰҰ қаулысын естен шығармауды ұсынамын. 

Осылайша АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күн санап ушығып барады. Қытай мен Ресей біржақты санкцияны тоқтатуды талап етіп отырса, Израиль Иранға ядролық қару жасауға жол бермейміз дейді. Ендігіде ядролық келісімнің соңы немен аяқталары белгісіз. Тараптар ортақ бір мүддеге келеді я келісімге нүкте қойылып, Тегеран ядролық қаруын күшейте бастайды.

Хабар 24 телеарнасы