378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҰҰ: Босқындар қолдауға зәру

  • 104
  • UPD: 21:26, 13.05.2019

Жайлы өмір аңсап, өзге жерге аттанғандардың жолы қысқа болып тұр.

Морокконың 52 азаматы да Мелилья аумағына өтуді аңсаған. Бұл – Испанияның Африкадағы автономиялық аумағы. Босқындар осы дәлізді пайдаланып, Кәрі құрлыққа жетпек болған. Бірақ шекарадағы қоршаудан өтпек болғанда қақтығыс болып, төрт испан полицейі мен бір босқын жарақат алған.

Кедейлік пен ашаршылық бір бөлек, босқындар соғыстан да қажыды. Мәселен, Ливия азаматтары елден үдере көшіп жатыр. Ал енді басын тәуекелге байлаған осы босқындарды қандай қауіп-қатер күтіп тұрғанын айта кетейік.

Бейбіт әрі жайлы өмір аңсаған Морокконың жүзге жуық азаматы Мелильямен шекарадағы қоршауға лап қойды. Олардың бірсыпырасы арғы бетке өтіп кетіп, Испан тәртіп сақшыларымен қақтығысқан. The local баспасының хабарлауынша, барлығы келімсектерді уақытша орналастыру орталығына жөнелтілген. Зардап шеккен бір мигрант емханада жатыр. Айта кетерлігі, өткен жылдың қазан айында да 300 адам қоршауды бұзып өтуге талпынған. Оның екі жүздейі Испанияның автономиясында қалып қойды. Сол кезде жүрек талмасынан бір адам қайтыс болған еді. 

Морокколық босқындармен салыстырғанда ливиялықтардың халі мүшкіл десек те болады. Өткен жұма күні Тунистің балықшылар кемесі 16 ливиялықты суға батып бара жатқан жерінен құтқарып қалды. Қайықта жүзге тарта келімсек отырған. Олардың 70-сі суға кетті. Ал құтқарылған босқындар Зарзис қаласына жеткізілген.

Қазір босқындарға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, келімсектердің әлі құрып, жүйкелері сыр берген. Жолға шыққан 51 Ливия азаматының 14-і, тоғыз морокколықтың тек біреуі ғана аман қалған. Сондай-ақ мысырлық үш босқынның біреуі ғана тірі. «Тунистегі бұл жағдайға Еуропаның салқынқанды қарауы дұрыс емес» қоғам белсенділері.   

БҰҰ-ның миграция жөніндегі халықаралық агенттігінің дерегі бойынша, былтырдың өзінде 116 мың 959 адам Жерорта теңізі арқылы Еуропа жағалауына жеткен. 2 мыңы 297-сі орта жолда ажал құшты. Бұл ретте, БҰҰ тездетіп миграция мәселесінің шешімін табуға шақырады.

Бабар Балоч, БҰҰ босқындар мәселесі жөніндегі агенттік өкілі:

– Бұл өте қиын жағдай. Жерорта теңізінде апаттық-құтқару жұмыстарын күшейту қажеттігін қашаннан бері айтып келе жатырмыз. Босқындарды құтқаруға арналған кемелердің жоқтығы қынжылтады. Сонымен қатар босқындарды кері қайтаруға Ливияның қауіпсіз емес екенін атап өткен жөн. Олар расымен халықаралық көмекке мұқтаж.

Бүгінде Ливиядағы босқындар лагерінде 3 мың адам орналасқан. Олар өмірлеріне қауіп төнген соң, елінен қашып шыққандар. Халықаралық гуманитарлық ұйымдар әрі-сәрі күй кешіп жатқан бұл келімсектерді қамқорлыққа алып, көмек көрсету керектігін айтып дабыл қағуда. Бұл сөз Еуропаға қаратып айтылғанымен, әзірге естір құлақ болмай тұр.

Хабар 24 телеарнасы