379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуроодақ: АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығысқа жол бермеу қажет

  • 146
  • UPD: 23:28, 14.05.2019

АҚШ пен Иранның арасы ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ресми Вашингтон былтыр Иранның ядролық келісімінен шығып, бұл елге салынатын санкцияларын күшейткен. Араға бір жыл салып, Иран да өз мінезін көрсете бастады. Тегеран уран байытуға қатысты шектеулерге енді мойынұсынбайтынын мәлімдеді.

Майк Помпеоның еуропалықтарға нақты қандай ой салғаны белгісіз. Бірақ дипломатия жөніндегі басшысы Федерика Могерини ядролық келісімнен шықпайтынын тағы да атап өтті.

Сонымен, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Ресейге сапарын қысқартып, орта жолда Брюссельге тоқтады. Мақсат – Еуропалық одақтың Иранмен арадағы ядролық келісімі және Таяу Шығыстағы жағдайды талқылау. Майк Помпео Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Могеринимен жүздесіп, Еуроодақтың осыған қатысты ойын білді. Федерика Могерини өз кезегінде Иранмен арадағы ядролық келісімді сақтауға күш салатынын жеткізді. Сондай-ақ АҚШ-ты қандай да бір оқыс қимыл жасаудан аулақ болуға шақырды. 

Федерика Могерини, Еуроодақты сыртқы саясат жөніндегі басшысы:

- Бұл мәселеге қатысты Еуропалық одақтың пікірін Майк Помпеоға ашық жеткіздік. Қазіргі таңда туындаған жағдай бізді алаңдатып отыр. Сол себепті, әрбір іс-қимылға шұғыл жауап бермес бұрын сабыр сақтап, келіссөз жүргізген маңызды. Яғни оның ішінде әскери қақтығыстың алдын алу үшін барынша абай болғаны жөн. 

АҚШ тарапының пікірінше, Парсы шығанағындағы коммерциялық мұнай танкерлеріне ирандықтар шабуыл жасамақ болған. Бұған Сауд Арабиясының екі кемеге зақым келгені жайлы мәлімдемесі себеп. Атап айтқанда, Араб Әмірліктеріне қарасты Фуджейра маңында бірнеше кемеге диверсиялық шабуыл жасалған. Бұған дейін АҚШ-тың теңіз әкімшілігі Иранның шабуылдауы мүмкін деген ақпарат таратқан еді. Сауд Арабиясының әлгі хабарынан кейін АҚШ дереу аймаққа әскери жойғыш ұшақтарын аттандырды. Бұл ретте Ақ үй басшысы да үнсіз қала алмады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Не болатынын алдағы уақыт көрсетеді. Егер де Иран арам пиғылын іске асырса, бұған қатты өкінетін болады. Себебі, біз де қарап қалмаспыз. Нені меңзеп отырғанымды өздері де жақсы біледі.

Трамптың бұл сөзі Иран үкіметінің құлағына жетсе керек. Үндістанда сапарда жүрген сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад Зариф осыған қатысты пікірін білдірді.

Мұхаммед Джавад Зариф, Иранның сыртқы істер министрі:

- Өкінішке қарай, қара аспанды төндіріп, жағдайды ушықтырып отырған АҚШ-тың өзі. Әскери шабуыл жасаудан аулақпыз. Бірақ өзімізді қорғауға қашан да дайынбыз.

Bloomberg сарапшыларының пікірінше, АҚШ Таяу шығысқа әскери техника жібергенімен, соғыс ашатын ниеті жоқ. Бұл – тек Иранды қорқытудың амалы. Оған қоса Америка шыңдап шабуылға кіріссе, арадағы Израильге қиын болмақ. Себебі, одақтасына қол ұшын созуға мәжбүр. Қазіргі жағдайда бұл Израильге тиімсіз. Алайда алаңдауға негіз жоқ емес. Иран мен АҚШ-тың бір-біріне қырғи-қабақ танытуы еуропалықтарды да қиын жағдайға қалдырып отыр. Бұл туралы Bloomberg тілшісі Ладейн Нассери өз мақаласында жазды.

Мамырдың сегізі күні Иран ядролық келісім аясындағы бірқатар шектеулерге мойынсұнбайтынын жариялады. Атап айтқанда, уран байытуға қатысты міндеттемелерді орындауға тиіс еместігін алға тартты. Яғни АҚШ  ядролық келісімнен шығып, санкцияларды күшейтетін болғандықтан осындай қадамға баратындықтарын жеткізді. Бұл ретте ресми Тегеран Германия, Франция, Ұлыбритания, Қытай мен Ресейге мәселенің оң шешімін табуы үшін 60 күн уақыт беріп отыр.  

Ладейн Нассери, Bloomberg сарапшысы:

- Алайда еуропалықтар ортақ мәмілеге келе алар емес, әрі уақыт тақағанда қандай да бір өзгерістің туындауы неғайбыл. Егер Иран ядролық келісімде көрсетілгендей уран байытуды ұлғайтатын болса, еуропалық серіктестері қиын жағдайға қалмақ. Мұндайда олар келісімді қолдаудан бас тартуға мәжбүр болады. Осылайша жылдар бойы күш сарпылған ядролық келісімнің күші жойылып, мәні қалмайды.

Айта кетерлігі, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бүгін Ресейге аттанып кетті. Ресей президентімен кездесу барысында бұл мәселе де талқыға салынуы әбден мүмкін.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы