388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкекте ШЫҰ мүше елдердің Қауіпсіздік Кеңес жетекшілері кездесті

  • 474
  • UPD: 23:54, 15.05.2019

Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Қауіпсіздік Кеңес жетекшілерінің 14-кездесуі өтті.

Басқосуда ұйымға мүше мемлекеттердегі тұрақтылық, ұлттық қауіпсіздік пен қауіп-қатерлерге төтеп беру мүмкіндіктері талқыланды. 

Әлемдегі жағдайды тұрақсыздандыратын факторлар күшейіп келеді. Бұл бірқатар аймақтарда жанжалдардың ушығуына байланысты. Терроризм, сепаратизм мен экстремизм, қару мен есірткінің заңсыз айналымынан төнген қатер деңгейі де азаймай тұр. Кездесуге қатысушылар «осы қауіптерге қарсы күресте ұйымға мүше елдер ынтымақтасып, шұғыл қимыл жасау керек» деген ортақ пікірге келген.

Владимир Норов, ШЫҰ Бас хатшысы:

- Бүгін ұйымға мүше елдердің Қауіпсіздік Кеңес хатшылары ұйым аумағы мен аймақтағы және жалпы бүкіл әлемдегі жағдай жөнінде пікір бөлісті.  Сондай-ақ қазіргі кезде елдерімізге төнген қауіп-қатерлерге төтеп беруде өзара әрекеттесуіміздің болашағын талқыладық.

Осы тұста Қауіпсіздік Кеңес жетекшілері ғаламторға ерекше көңіл бөлген. Интернет пен өзге де ақпараттық-байланыс технологиялары арқылы таратылатын террорлық насихатқа қарсы бірлесіп шара қабылдаудың маңыздылығы аталды. Сонымен қатар Сириядағы жағдайды саяси жолмен реттеуде Астана процессінің қосқан үлесіне жоғары баға берген. 

Дамир Сагынбаев, Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

- Терроризм мен экстремизмге қарсы қимылды сылтау етіп, мемлекеттердің ішкі істеріне араласуына қарсы тұру керектігіне ерекше мән бердік. Сондай-ақ лаңкестік пен экстремисттік топтарды өз пайдасына қолдануға жол бермеу қажет.

Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Қалмұханбет Қасымов ресейлік, қытайлық және үнді әріптестерімен екі жақты кездесулер өткізген. Бұл кездесу Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне дайындық шаралары аясында өткен. Ұйымға мүше мемлекет басшыларының басқосуы маусым айына белгіленген.  

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы