378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ - Қытай сауда соғысы қайта өршіді

  • 133
  • UPD: 20:47, 16.05.2019

АҚШ президенті елде Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін шетелдік телекомуникациялық жабдықтарды қолдануға тыйым салды.

Әсіресе жергілікті компаниялар қытайдың Huawei компаниясының өнімін пайдаланбауы тиіс. Ол ол ма, Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздікке қатер бар деп төтенше жағдай жариялады.

Тараптардың бір-біріне тағы да санкция салуы, жүргізілген келіссөздердің текке кеткенін аңғартады.

АҚШ сауда министрлігі Қытайдың телекоммуникациялық жабдықтар өндіретін ірі компаниясы Huawei-ді қара тізімге енгізбек. Дональд Трамп халықаралық төтенше экономикалық өкілеттілік туралы қаулыға да қол қойып үлгерді. Құжатта ұлттық қауіпсіздікке қауіпті компаниялар мен елдердің аты нақты көрсетілмеген. Десе де, Вашингтон Қытайдың мемлекеттік қауіпсіздік органы Huawei тауарларын өзге мақсатта қолдануы мүмкін дегенді айтады.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

– Біздің ұстанған бағытымыз айқын. Бұған дейін барлығы бізді жұлып-жеп, қажетінше пайдаланып келді. Енді ондайға жол бермейміз. Қытайдың саудадағы арсыз әрекеттерінің салдарынан жыл сайын 300 -500 триллион доллардың табысын жоғалтып келдік. Енді бұлай болмайды. Қытайдың Президентімен ара қатынасымыз тамаша. Алайда ол Қытайдың, ал мен АҚШ-тың мүддесін ойлаймын.

Huawei компаниясын америкалық санкцияларды айналып өту үшін Иранға көмектесті деп айыптап отыр. Сондай-ақ бұл компанияның тауарлары тыңшылық әрекеттер үшін қолданылады деген де күдік басым. Ал Huawei АҚШ-тың бұл әрекетін мойындамады. Тіпті Трамптың бұл тыйымы компанияның жұмысына айтарлықтай әсер етпейді деп емін-еркін.

Ізінше, ресми Бейжің де мұндай айыптауларға бірден жауап қатты. Билік өкілдері қытайлық компанияларға өзге елдердің біржақты санкция салуы орынсыз дейді. Сондай-ақ Қытай тарапы қандай-да бір шектеулерге қарамастан, мемлекеттің экономикалық тұрғыда дамуына ешкім кедергі келтіре алмайтындығын айтады.

Дональд Трамптың Федералды резерв жүйесінен көмек сұрағаны белгілі болды. Ақ үй басшысы Бейжіңнен қорғану үшін осылайша нақты қадамдарға көшетін сыңайлы. Бұл арада сарапшылар дабыл қағып жатыр. Себебі тараптардың қырсығып, бір-біріне санкция салуынан қарапайым халық пен кәсіпкерлер зардап шегіп жатыр.

АҚШ өз серіктестері, оның қатарында Ұлыбританияны телекоммуникация саласында қытайлық құрылғыларды қолданбауға үгіттеп жатыр. Яғни Еуропа елдеріне жеке, заманауи желі құруда Huawei-ден бас тартуды ұсынды. Бірақ сарапшылардың айтуынша, Еуропа елдері АҚШ-ты қолдап, қытайлық тауарлардан бас тартса, 5G технологиясы бойынша дамымай, артта қалып қоюы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы