379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Green Сard бағдарламасының талаптары күшейеді

  • 87
  • UPD: 23:45, 17.05.2019

АҚШ президенті Дональд Трамп елдің көші-қон саясатын мықтап қолға алайын деген сыңайлы, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Енді мемлекеттің азаматтығын алғысы келетіндер немесе АҚШ-та тұрғысы келетіндер міндетті түрде ағылшын тілін меңгерген, жас әрі білікті маман болуы тиіс. Бұл жаңа жобаға конгресс мүшелері қарсылық танытып үлгерді.

Дональд Трамптың иммигранттардың 66 проценті туыстарына келеді екен. Олар я тіл білмейді, я жұмысқа жарамсыз. Яғни АҚШ үшін енді отбасылық құндылықтар емес, бастысы экономикаға пайда әкелетін білікті мамандар маңызды болып бара жатқан секілді.

Жыл сайын АҚШ-та тұрақты өмір сүруге рұқсат алатын 1,1 миллион шетелдіктің басым бөлігі Америкадағы туыстарына келгендер. Ресми ақпар осы. Трамп бұл көрсеткішті сақтай отырып тек басымдықты білікті мамандарға беруді ұсынды. Яғни жаңа көші-қон жүйесіне сай, АҚШ аумағында тұрғысы келетіндер арнайы емтихан тапсыруы мүмкін. Бағдарламаға қатысушы ағылшын тілін білсе, жас әрі жоғары жалақы алатындай білікті маман болса кедергісіз рұқсат ала алады. «Ал бұл критерийге сай келмейтіндер ел экономикасын артқа тартады», – дейді Ақ үй басшысы.  

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Бүгін АҚШ-тың көші-қон саясатын алға жылжытатын нақты қадам ұсынамыз. Ең алдымен бұл бастама америкалықтардың қауіпсіздігі үшін жасалып отырғанын айта кетейік. Елге сауатты, білімді, жігерлі жастар келсе ел экономикасының артуына үлесін қосады, қылмыс деңгейі азаяды. Жаңа жоба тұрақты мекен іздегендерге көмек болады. Тек ол адам талапқа сай келуі керек.

2018 жылы АҚШ-қа заңды жолмен келген иммигранттардың жылдық жалақысы 43 мың долларды құраған. Яғни ай сайын бір шетелдік азамат 3,5 мың доллардай нәпақа табады. Ал Трамптың жоспарына сай елге білікті мамандар ғана тартылса, айлық табысы үш есе көп, яғни 126 мың долларды құрайды. Ақ үй басшының бұлайша сандарды сөйлеткеніне қарамастан конгрестің кейбір мүшелері бұл жүйеге қарсы шығып отыр. Демократтардың айтуынша, көп мигранттар мұқтаж болғандықтан тұрғылықты мекен іздейді. Олардың емтихан тапсыруына тіпті мүмкіндігі болмайды.

Ильхан Омар, конгресс мүшесі:

- Дәл қазіргі таңда баспана іздеген мигранттарға бұлай қарсы шыға алмаймыз. Дональд Трамптың жаңа жоспары қатыгездікке толы. Түрлі қиын жағдайдан қашқан адамдар ғана басқа елден мекен іздеп, жаңа өмір бастасам дейді. Бір ғана жүйемен азаматтық күтіп отырған 11 миллион мигранттың үмітіне нүкте қоюға болмайды. Трамп отбасылық құндылық деген сөздің мағынасына пысқырып та отырған жоқ.

Шекарадағы қоршауға қарсы болған демократтар осылайша жаңа жүйені де қабылдамайтындықтарын айтады. Сондай-ақ Дональд Трамптың өздерімен ақылдаспағанына өкпелі. Осыған орай АҚШ-тағы шетелдіктер де жаңа жүйеге қарсылық танытты. Себебі, бұл талаптар АҚШ-та тұрақты өмір сүруге рұқсат жеңіп алатын Green Card лотереясына да қатысты болмақ. Бұл бағдарлама жыл сайын 50 мың шет елдікке Америкада тұруға рұқсат беретін еді. Енді бұл жобада білікті мамандарды ғана таңдайтын болады.

Мұндай қарсылықтарға қарамастан күйеу баласы Джаред Кушнер ойлап тапқан бұл жобаны Дональд Трамп қалай да соңына жеткіземін деп отыр. Конгресс қабылдамай тастаса, сайлаудан соң бағдарламаны қайта ұсынамын дегенді алға тартады. Осы арқылы Трамп президенттік сайлауда өзінің жеңетінін дәлелдегісі келетін сыңайлы. Сондай-ақ көші-қон жобасы конгрестегі республикалықтардың басын біріктіре түспек.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа жоба президенттік сайлауға қарсы әдейі ұйымдастырылып отыр. Трамптың әкімшілігі осылайша халықтың қолдауын жинап алмақшы дейді. Себебі конгрестің әсіресе демократтардың заң жобасын қабылдай қоюы екіталай.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы