384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Киевте инновациялық фестиваль өтіп жатыр

  • 402
  • UPD: 19:35, 18.05.2019

Заманауи  технологияны экология, медицина, туризм және айти саласына ендіру жолдары жалпыукраинкалық инновация байқауында талқыланды.  

Биыл төртінші жыл ұйымдастырылған инновациялық фестиваль Киев қаласында жұмысын бастады.

Байқаудың ең негізгі мақсаты – отандық ғалымдар мен инноваторлардың жобасына инвестиция тарту.

Қалдық суды тазартып кәдеге жарату адамзат үшін ең өткір мәселеге айналғалы қашан. Украинаның су шаруашылығы жән табиғатты пайдалану университетінің мамандары биологиялық тәсіл арқылы, тығырықтан шығар жол тапқанға ұқсайды. Атап айтқанда, «smart bioenergy» құралы суды тазалап ғана қоймай, жылу жинауға да мүмкіндік береді. 

Мария Бляшина, техникалық ғылымдардың кандидаты:

- Біз биологиялық үдеріс арқылы суды тазалауға болатын жобаны жүзеге асырдық. Тазарту жүйесі микроағзалардың жұмысы арқылы жүзеге асады, демек, ешқандай химиялық қоспасыз экотазалау технологиясын ұсынамыз. 

Олександр Грицина,  доцент, техникалық ғылымдардың кандидаты:

- Сонымен қатар бұл құрылғы қосымша қуат көзін өндіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бір текше метр қалдық суды тазалау арқылы шамамен 3-5 килоВатт жылу энергиясын өндіруге болады. 

Жыл сайын Киев қаласында өтетін инновациялық байқауда биыл 800 ге жуық жоба таныстырылды. Тың технологияны экология ғана емес медицина, туризм, ауыл шаруашылық және айти саласына енгізу жоспары бар. Айталық, украиналық мамандар ойлап тапқан мына бір «drotr» бағдарламасы сәтті жүзеге аса бастағанына бес жыл. Тіпті бұл сервис қазақ тілінде де қызмет көрсетеді. 

Денис Красников, Украина өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының вице-президенті:

- Бағдарламаны ватсап сияқты телефонға тегін жүктей аласыз. Бағдарлама - мәтін және аудио түріндегі хабарламаны әлемнің 188 тіліне аударуға мүмкіндік береді. Айталық, қазақ тілінде мәтін жазып, оны әлемнің кез келген түкпіріндегі досыңызға жібере аласыз. Сізден келген хабарламаны ол өз тілінде автоматты түрде оқи алады. 

Инновациялық байқауды Украинаның ғылым және білім министрлігі ұйымдастырған. Фестиваль жеңімпазына жобасын жүзеге асыру үшін министрлік арнайы грант бөлмек, дегенмен мұнда қатысушылардың ешқайсы назардан тыс қалмайды. Бұл алаңда жобаға инвестор тартуға да мүмкіндік мол. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы