389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Біріккен Корольдікте баспана бағасы тағы қымбаттады

  • 255
  • UPD: 10:23, 20.05.2019

Ипотекалық несие беруші Халифакс компаниясы сарапшыларының айтуынша, бұл соңғы екі жылда байқалған ең жоғарғы баға.

Ұлыбританиядағы жылжымайтын мүлік неге қымбат және оның бағасының шарықтауына не себеп? Мәселенің мәнісін лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы зерттеп көрді.

Оливер Фиш - элиталық қозғалмайтын мүлікпен айналысатын агенттіктің негізін қалаушылардың бірі. 16 жыл ішінде ол осы салада мол тәжірибе жинап, қазір Лондон орталығында пәтер сатып берумен және жалға беруге көмектесумен айналысады. Қозғалмайтын мүлік бағасының қымбаттығының бір себебі жоғары сұраныс және ұсыныстардың жетімсіздігі.

Оливер Фиш, «Oliver James» қозғалмайтын мүлік агенттігінің негізін қалаушы:

- Ұсыныс өте аз. Үйлер көптеп салынбайды. Ал сұраныс өте жоғары. Басты себеп сол. Көптеген адамдар Лондоннан үй алғысы келеді.

Ағымдағы жылдың үш алғашқы айында Лондонда пәтер бағасы кенеттен 5 пайызға өсті. Экономистер оны 4,5 пайызға қымбаттайды деп жоспарлаған болатын. Жергілікті Халифакс ипотекалық компаниясының сарапшылары: бұл 2017 жылдың ақпанынан кейінгі ең жоғарғы өсім, деп отыр. Мысалы, теңгеге шаққанда қозғалмайтын мүліктің орташа бағасы бүгінде шамамен 120 миллион тұрады. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 1,1 пайызға қымбат. Лондон қаласы тұрғындарының өзін бұл жаңалық есеңгіретіп тастағандай.

Мен егде жастағы адаммын. Пәтерімді 70-ші жылдары 15 мың стерлинг фунтына сатып алдым. Қазіргі бағасын айтуға қысыламын тіпті 700 мың стерлинг фунты. Бұл өте көлемді сома. Мұндай ақшаны өмірімнің соңына дейін таба алмайтыным анық. Мүлдем ақылға қонбайтын мәселе.

Лондонда баспанасыз жүргендер көп. Егер баға төмен түссе қалалық билік оларға үй алып берер еді. Мен қымбатшылыққа өте қарсымын.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ал сарапшылардың пікірінше, егер нарықта ұсыныстардың аздығы анық сезілетін болса бағалар әрі қарай да шарықтай бермек. Тіпті Брекситке байланысты белгісіздік те бұған тосқауыл бола алмайтын сияқты.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы