384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Google компаниясы Huawei-мен серіктестігін тоқтатты

  • 1276
  • UPD: 23:37, 20.05.2019

Android операциялық жүйесін ойлап тапқан америкалық Google компаниясының өкілдері Қытайдың Huawei компаниясымен арадағы серіктестікті тоқтатты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Енді Huawei-дің ұялы телефондары мен планшеттері жаңартулар және Google Play дүкеніндегі бағдарламалардан қағылады. Америкалық компания басшылығы АҚШ-тың қара тізім туралы қаулысынан соң осындай қадамға барғанын айтады.

Компаниялар тек өз мәлімдемелерін жасады. Google америкалық компания болған соң, әрине, мемлекеттік қаулыны орындауы керек қой.

Huawei тауарлары үшін Android жаңартулары қолжетімсіз. Ал компанияның жаңа смартфондары Google қызметтерінсіз сатылады. Бұл жаңалық АҚШ сауда министрлігі Huawei компаниясын қара тізімге енгізген соң тарай бастады. Әзірге тараптар ресми мәлімдеме жасамағанымен, Android жүйесі Twitter парақшасына бұл жаңалықты растап берді: «АҚШ үкіметінің Huawei компаниясына шектеу қоюына байланысты қолданушылардың сұрағына жауап берейік. Біз АҚШ үкіметінің талаптарын орындаймыз. Қазіргі қолданыста жүрген смартфондарда Google Play және Google Play Protect бағдарламасы қолжетімді болады. Ал жаңа тауарларға байланысты сұрақ талқылануда».

Сонымен, Google-дің Huawei-ге салған шектеулері нені қамтиды? Жеке-жеке тоқталсақ. Алдымен қытайлық компания Android операциялық жүйесіне кіре алмайды. Яғни Huawei-дің ұялы телефонын пайдаланушылар үшін Google бағдарламасы, Chrome браузері, Play Market, YouTube карта және тағы басқа бағдарламалар қолжетімсіз болады. Ізінше компания Android пен Google-дің техникалық қолдауынан айырылады. Мұндай шектеулерге қарамастан қытайлық компания құрылғымыз қолданушылар үшін қолайлы болады деп отыр: «Huawei қауіпсіздік бағдарламалары үшін жаңарту жұмыстарын жүргізуді жалғастыра бермек. Әлем бойынша барлық сатылған және қоймаларда сатылуға тұрған смартфондар мен планшеттерде де бұл бағдарлама қолжетімді болады. Біздің қолданушыларымыздың қауіпсіздігі үшін экожүйелік бағдарламаны ары қарай дамыта бермекпіз».

Қара тізім. Серіктестіктен бас тарту. Бұл мәлімдемелер Huawei компаниясына айтарлықтай шығын әкелуі мүмкін. Себебі ұялы телефон қолданушылары Google бағдарламасы жоқ тауарды сатып алғысы келмейтіні анық. Дегенмен Қытай билік өкілдерінің айтуынша, мұндай аяққа шалулар ауқымды компанияның жұмысына кедергі келтірмейді.

Лу Канг, Қытай СІМ өкілі:

- АҚШ тарапы мұндай шектеулерге бару арқылы бәсекелестіктен қорқып отырғанын ашық көрсетті. Huawei компаниясы қазірдің өзінде жеке патенттелген процессорде жұмыс істейді. Демек жақында Google-ға баламалы жүйе ойлап таба алады деген сөз. Ал АҚШ-тың 5G жүйесін құруға, серіктестік орнатуға саяси тұрғыдан араласуы шынайы бәсекелестік тәртібіне қайшы. Мұндай қадамдар барлық елдің қызығушылығына қайшы келуі мүмкін.

Сауда соғысының салдары осылайша телекоммуникация саласындағы текетіреске ұласты. Тараптар бір-біріне санкция салып шаршады ма, кім білсін, 15 мамыр күні АҚШ президенті Дональд Трамп елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төніп тұр деп төтенше жағдай жариялады. Және Huawei-ді қара тізімге енгізді. Одан бөлек, компания тыңшылықпен айналысады деп айып тақты. Вашингтон өз серіктестері мен еуропа елдерін Huawei-ден бас тартуға шақырды.

Джастин Трюдо, Канада премьер-министрі:

- Huawei-ге қатысты шешімдер дәлелдерге сүйене отырып қабылдануы керек. Сол себепті өзіміздің ұлттық қауіпсіздік пен арнайы қызметке осы мәселеге қатысты зерттеу жүргізуді тапсырдым. Біз әлемнің әрбір елімен бейбіт серіктестік орнатқымыз келеді. Сондықтан саясатқа емес, нақты дәлелге жүігініп шешім қабылдаймыз. 

Дәл осылайша тағы бірнеше еуропалық мемлекет АҚШ-тың бас тарту бастамасына қырын қарады. Франция ұлттық қауіпсіздікті сақтай отырып, Huawei компаниясына 5G желісін құруға рұқсат берді. Бұл мәлімдемені Германия мен Ұлыбритания да қолдады.

Авторлары: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы