380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


В.Зеленский: Украина үшін маңызды шешім қабылдар алдында балаларыңыздың көздеріне қараңыздар

  • 246
  • UPD: 23:49, 20.05.2019

Украинада жаңа сайланған президент Владимир Зеленскийді ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

21 сәуір күнгі саяси додада Зеленский электораттың 73 пайыздан астам дауысын жинап, басым ұпаймен жеңіске жеткен еді. Бүгін ол Украина халқының алдында ант қабылдап, мемлекет басшысы мінберіндегі алғашқы үкімін айтып үлгерді.

«Мен, Владимир Зеленский – халықтың жаңа сайланған президенті, Украина халқына адал қызмет етемін деп ант беремін. Украинаның егемендігін сақтап, ел азаматтарының әл-қуатын арттыруға күш жұмсаймын». Владимир Зеленский биік мінбердегі сөзін ант берумен бастады, әрине. Сонымен қатар президенттік қызметтегі алғашқы тапсырмасын да айтты.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Депутаттар, сіздер инаугурацияны дүйсенбі, яғни жұмыс күнінде өткізуді ұйғарыпсыздар. Құптарлық шешім, демек жұмыс жасаймыз бүгін. Бұл ретте, ең алдымен, депутаттардың дербес құқығы туралы заңды қайта қарастыру қажет. Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы мен бас прокурордан және қорғаныс министрінен қызметтерін босатуды сұраймын. Жоғарғы раданың сегізінші шақырылымы жұмысын тоқтатсын. 

Сондай-ақ Зеленский әлемнің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан Украина халқына үндеуін жеткізді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Әлем бойынша 65 млн украиналық бар. Елге оралып, Украина игілігіне қызмет етулеріңізді сұраймын. Білім мен тәжірибе керек бізге. Украина азаматтығын беруге дайынмын. Біздің ең алғашқы жұмыс Донбасстағы оқты тоқтатуға бағытталады. Мен ол үшін бәрін жасауға дайынмын.

Украинаның алтыншы президенті Владимир Зеленскийді ұлықтау рәсімі Жоғарғы радада өтті. Парламенттің жанына жаңа президентін қолдауға ел тұрғындары жиналды. Олар – «сенімді ақта», «сәттілік» деген ізгі тілектерін Зеленскийге жеткізіп жатты.

Мол сенімді арқалаған Владимир Зеленский шенеуніктерге ерекше өтініш жасап бір сүйсінтті. Атап айтқанда, «суретім бірде-бір кабинетте ілінбесінші» деді. «Менің емес, балаларыңның фотосы тұрсын төрде. Украина үшін маңызды шешім қабылдар алдында сол бүлдіршіндеріңнің көзіне қарасаңдар құба-құп» дегенді айтты. Атап өту керек, Зеленскийдің инаугурациясына бес қана мемлекеттің: Эстония, Латвия, Литва, Венгрия және Грузияның басшылары қатысты. Қазақстандық делегацияны сенатор Бектас Бекназаров бастап келді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы