383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкекте мектеп жанындағы лагерьлерде демалатын оқушылар саны артып келеді

  • 231
  • UPD: 15:38, 21.05.2019

Бішкекте мектеп жанындағы лагерьлерде демалатын оқушылардың саны жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі түрлі үйірмелері бар әрі қосымша білім беретін бұл лагерьлер тегін. Аталған жобаны жергілікті қала әкімдігі қаржыландырып отыр.

Жаздың бірінші айы балалар мен ата-аналарға қиын кезең саналады. Оқулары бітті, ал жазғы демалыс маусымы әлі басталған жоқ. Жыл сайын осы кезде балаларын қайда орналастыратынын білмей, ата-аналар сары уайымға батады. Бішкек мэриясының білім беру басқармасы он жыл бойы мектептер жанында лагерлер ұйымдастырып келеді. Соңғы кезде онда демалатын балалардың саны күрт артқан.

Фатима Алымбекова, Бішкек мэриясы Білім беру басқармасының бас маманы:

- Жазғы демалыста күні бойы өз бетімен жүретіндіктен, оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру қажет. Өйткені біраз ата-ананың бұған қолы тимейді. Басқармамыз балаларды мүмкіндігінше түрлі үйірмелерге тартуға тырысып жүр.

Мектеп жанындағы лагерде жасөспірімдер күн бойы болады. Оларды мезгілімен тамақтандырып, түрлі шаралар ұйымдастырады. Мектеп пәндеріне де уақыт бөлінеді, бірақ сабақтар ойын түрінде өтеді. Осылайша, ойнап қана қоймай, қосымша білім де алып жүр. Лагерьлерге 7 мен 12 жас аралығындағы балаларды қабылдайды.

Элиза Жолоева, мектеп жанындағы лагердің жетекшісі:

Лагерімізде 4 мектептің оқушылары бар. Күнде таңертеңгі жаттығу жасаймыз, сосын еңбек десанты өтеді. Аптасына бес күн істейтін түрлі үйірмелеріміз бар.

Мектеп жанындағы лагерьлерде демалу тегін. Олардың жұмысына негізгі қаражат қала бюджетінен бөлінеді. Ал ата-аналары, мәселен баласы үш рет емес, төрт мезгіл тамақтанғанын қаласа, қосымша ақша төлеуіне болады. Былтыр Бішкекте осындай 47 мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылған болатын. Онда 3700 бала демалған.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы