383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сауда соғысы: АҚШ кәсіпкерлері Трампқа қарсы

  • 219
  • UPD: 22:51, 23.05.2019

АҚШ-та кәсіпкерлер ашуға мінді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Аяқ киім өндіруші компаниялар президент Дональд Трампқа ұжымдық ашық хат жолдады. Онда кәсіпкерлер Қытаймен арадағы сауда соғысын доғаруды талап еткен. Себебі АҚШ-та сатылатын аяқ киімдердің 70 проценті Қытайдан жеткізіледі екен.

Санкция қытайлықтарға салынғанымен, зардабы америкалық өндірушілерге көбірек тиіп жатыр. Себебі, алпауыт әрі танымал компаниялардың негізгі өндіріс орындары Қытайда орналасқан екен.

Nike, Converse, Puma және Adidas. Тізім жалғаса береді... Дәл осындай танымал 173 америкалық компания бірігіп Ақ үй басшысы Дональд Трампқа хат жолдады. Кәсіпкерлердің айтуынша, сауда соғысынан өндіруші компаниялар зиян шегіп жатыр. Құжатта АҚШ-қа аяқ киім кіргізу салығы 11,3 проценттен 67,5 процентке дейін жететіні айтылған. Ал енді оған тағы 25 проценттік санкцияны қоссаңыз, тауардың бағасы тіптен қымбаттайды. Сөйтіп, тұтынушылар тарапынан сұраныс төмендейді. Мұның соңы кәсіпкерлерді пайдадан қағып, шығынға батырары сөзсіз.

Харлан Стоун, кәсіпкер:

- Егер тариф тағы 25 процентке көтерілсе, кәсіпкерлер үшін қиынға соқпақ. Біздің компания соңғы 30 жылда тауарларын Қытай аумағында өндіріп келеді. Себебі, онда жұмысшы күші арзан. Талай рет өндіріс орнын басқа жерге көшіріп көрмек болдық. Нәтижесіз. Енді санкция күшіне енсе, тауарлардың бағасына тікелей әсер етеді. Ал қымбат тауарды ешкім сатып алмайды.

Сауда министрлігінің ақпары бойынша, АҚШ нарығындағы аяқ киімнің 70 проценті Қытайдан әкелінеді. 17 проценті Вьетнам, 4 проценті Индонезия, 8 проценті өзге елдерден жеткізіледі. Ал АҚШ аумағында тек 1,04 проценті өндіріледі. Әрине, мұндай көрсеткіштен соң, кәсіпкерлердің бас көтеріуі бекер емес. Ал Трамп «шығынды азайту үшін өндіріс орындарын басқа елге көшіру керек», – дейді.

Мартин Вольф, Financial Times бас сарапшысы:

- Сауда соғысы деген ұғым жалпы жаһандық экономикада тұрақсыздық тудырады. Көптеген америкалық кәсіпорындардың өндіруші зауыттары Қытайда орналасқан. Мына текетірестен кәсіпкерлер өздері ақша салып дайындатқан тауарларын өз елдеріне қымбат бағамен алады деген сөз. Трамп айтқандай, өндірісті өзге елге көшіре салу оңай емес. Қаншама келіссөздер керек ол үшін. Сауда соғысынан кәсіпкер шығынға батады, қарапайым халықтың қалтасы қағылады.

Екі алып АҚШ пен Қытайды сабырған шақырып, арағайындық жасап жатқандар болғанымен, тараптардың текетіресі басылар емес. Керісінше, күн санап күш алып барады. Екі жақ алма-кезек бір-біріне санкция ойлап тауып жатыр. Мұның сыртында Huawei компаниясына қатысты жағдай тағы бар. АҚШ-тың қаржы министрлігі америкалық тұтынушыларға санкцияның еш әсері тимейді дегенімен, қор индекстері құлдырап барады. Бүгінгі сауда қорытындысы бойынша «Насдаг» индексі 2,18 процентке арзандады.

Джон Вайл, бас стратег:

- Екі ел арасындағы шиеленіс акциялардың бағасына да айтарлықтай әсер етіп жатыр. Қатаң шектеулер қор биржаларындағы жағдайды құбылтып тұр. Бүгін Dow Jones өндірістік индексі 0,16 процентке төмендеді. S&P 500 нарығының индексі де 0,08 процентке құлдырады.

Осыдан бір апта бұрын ғана Вашингтон мен Бейжің арасындағы келіссөздердің 11-раунды сәтсіз аяқталған еді. Ізінше АҚШ Қытайдан импортталатын тауарларға құны 200 миллиард долларлық санкция салды. Бейжің де қарап жатқан жоқ, 1 маусымнан бастап АҚШ тауарларына 60 миллиард доллар көлемінде баж салығын енгізді. Ал Дональд Трамп тіптен өршеленіп, тауар атаулының барлығына 300 миллиард доллар көлемінде санкция саламын деп кіжініп отырғанға ұқсайды.

Лу Кан, Қытай СІМ өкілі:

- Америка Құрама Штаттары ұлттық билікті асыра пайдаланып отыр. Өйткені өзге елдің дамығанын көре алмайды. Қытайдың ұстанымы айқын. Біздің компаниялар инвестиция салуда халықаралық нормаларды орындап келеді. Өз кезегінде біздің кәсіпкерлерге де сондай қарым-қатынас болуын талап етеміз. Елдер арасындағы ивестициялық серіктестік ортақ сыйластық пен кіріс есебінде құрылады.

Осылайша Қытай тарапы ешқандай кедергіге қарамастан АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайын екендігін алға тартып отыр. Енді екі елдің көшбасшылары Жапонияда өтетін «Үлкен жиырмалық» саммитінде кездесуі мүмкін.

Google-дан кейін Panasonic компаниясы да бүгін Huawei-мен серіктестігін тоқтатты. Сарапшылар санкция салдарынан әлемдік технология нарығы өзгеріске ұшырап, 5G байланыс желісінің дамуы ұзаққа созылып кетуі мүмкін деп отыр.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы