380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Жасыл» жобаларды қарапайым тұрмыста қалай тұтыну қажет?

  • 165
  • UPD: 21:27, 25.05.2019

Экологиялық қауіпсіз көліктер мен экотехниканың алуан түрі Киевте ұйымдастырылған «plug-in» көрмесінде көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл әсіресе, экотранспортты қуаттауға арналған станцияларға ерекше назар аударылды. Жасыл жобаларды қарапайым тұрмыста қалай тұтыну қажет және мұндай экотехникалар қолжетімді ме?

Қазіргі уақытта Украинада 12 мыңнан астам электркөлігі тіркелген, ал осы техникаларды қуаттайтын станциялардың саны 3 мыңнан асады. Украиналық мамандардың алдында тұрған міндет – енді осы қуаттау орталығын қолжетімді ету. Яғни экомашинаны үйде отырып-ақ қуаттайтын технологиялар көрмеде көптеп таныстырылды. Мәселен, мына бір зарядтау құрылғысын көпқабатты тұрғын үйге орнатуға болады. Бағасы 650 доллардан басталады. «Дегенмен жұмсалған қаражат кейін қалтаңызға үнем болады», – дейді мамандар.

Көлігіңізді үйде зарядтаудың пайдасын бірден байқауға болады. Айталық, жанармай бекеттерінде кәдімгі көлікті қуаттау 300 гривень болса, үйде 35 гривень ғана. Үнем – 80 есе.

Көрмеде экологиялық көліктердің барлық түрімен танысып, тест драйв қызметін қолдануға мүмкіндік жасалған. Петр Мельниченко – жартылай электр құрылғысымен жабдықталған эковелосипедтің тиімділігін айтудан жалықпайды. Петрдің денсаулығында кінарат бар, бірақ мұндай көлік түрін пайдалану оған еш қиындық туғызбайды.

Петр Мельниченко, менеджер:

– Жартылай электр қозғалтқышпен жабдықталған велосипед дегеніміз, бұл да – спорт. Өйткені оны да аяқпен тебу керек. Экокөліктің артықшылығы сол, жылдамдықты үш есеге арттырады және 200 шақырымды еркін еңсере аласыз.

Экологиялық қауіпсіз көліктер мен экотехниканың алуан түрін таныстырған көрме биыл «plug-in» деп аталды. «plug-in» ағылшын сөзі, тікелей аудармасы «қосымша күш» дегенге саяды. Демек « моторлы машинаға электр жүйесін қосу» деген принципті ұстанады. Плагин – гибридті көліктердің экономика ғана емес экологияға да пайдасы ұшан теңіз. Көрменің көздегені де осы – жасыл жобаларды халыққа кеңінен таныстырып, оның тиімділігін түсіндіру.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы