389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуросайлау: кәрі құрлық саясатын айқындайтын партиялар ықпалы кеміген

  • 321
  • UPD: 21:37, 27.05.2019

Еуропалық Одаққа мүше әр елдің ұстанған саяси бағыты айқын болғанымен бір-біріне кереғар.

Сол себепті болар бұл жолғы дауыс беру белсенділігі алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама артты. Атап айтқанда, сайлаушылардың 50,5 проценті дауыс берген. Бұдан бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 42,61 процентті құраған.

Сондай-ақ, төрт күнге созылған сайлауда оңшылдардың айы оңынан туды. Яғни, бұған дейін Кәрі құрлық саясатын айқындап келген орталық шеп партияларына қарсы саяси одақтар күш алды. Атап айтқанда, Еуропаның христиан-демократиялық халық партиясы және социалистер мен демократтардың озық Альянсы 72 мандатынан айырылып қалды. Сайлауда жеңіске жеткен италиялық лига партиясының көшбасшысы Маттео Сальвини бұны жақсылыққа жорыды.

Маттео Сальвини, Италияның вице-премьер министрі:

-Италияда Лига партиясы көш бастады. Францияда Мари Ле Пен партиясынан ілгері шықты. Сондай-ақ Ұлыбританияда Найджел Фараджидің партиясы жеңіске жетті. Сонымен Италия, Франция, Ұлыбританияда осындай өзгерістердің болуы – алдағы уақытта тұтас Еуропаның өзгеруіне әкеледі.

Сонымен Сальвини атап өткен үш елде ұлтшылдардың саяси күші басымдыққа ие болды. Бұл халықтың Еуропаның қазіргі саясатынан қажығанын аңғартса керек. Оған қоса Франциядағы саяси-әлеуметтік ахуалға байланысты француздар таңдау құқығын Мари Ле Пеннің халықтық одағына түсірді. Ал Президенті Эммануэль Макронның басқарушы партиясы кейін қалып қойды.

Сайлау нәтижелеріне көңілім толды. Меніңше, Макрон енді өзінің саяси ұстанымын өзгертуі тиіс. Сары жейделілер қозғалысының талабын ескеріп, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асады деген үміттемін. Біздің партия көш бастады, бұл Франция халқының мүддесін ескеретін кез келгенін білдіреді.

Өте бақыттымын. Өйткені 30 жылдан бергі арманым орындалды. 30 жылдан бері халықтық одақ сапында күресіп келдім. Бүгін Франция билігін француз халқына қайта алып бердік.

Еуропарламентке сайлау қорытындысы бойынша, Одақтан шығып үлгермеген Ұлыбританияда Брексит партиясы жеңіске жетті. Найджел Фарадж бастаған партия елдің Солтүстік-шығысы, Шығысы мен Уэльс аймағында басым қолдауға ие болды. Бұл, Брексит партиясының одақтың заң шығарушы органында 28 мандатқа қол жеткізетінін білдіреді. Айта кетерлігі, жалпы Ұлыбритания Еуропарламентте 64 орын болмақ. Осылайша депуттаттық мандаттың негізгі үлесі Фарадж партиясына тиесілі болмақ. Брексит партиясының көшбасшысы әу бастан Ұлыбританияны биылдан қалдырмай Одақтан шығаратынын аңғартты.  

Найджел Фарадж, Brexit партиясының көшбасшысы:

-Тұтас Еуропа тұрғысынан алып қарасақ, партиямыз Еуропарламентте ойып тұрып орын алатын деңгейге жетті.  Ұстанған бағытымыз анық. Бізге артылар жауапкершілік те мол. Тиісті мандатқа қол жеткізген соң, үкімет бізді тездетіп келіссөздер тобына қосқанын қалаймыз. Қазанның 31- күні Еуропалық Одақтан шығуымыз қажет. Сондықтан, атқарар шаруа шаш етектен.

Ұлыбританияның Еуропалық одақтан бөлінуі бірнеше жылға созылған даулы мәселеге айналғаны белгілі. Ал, енді Брексит партиясының көшбасшысы Найджел Фарадж бұл істі соңына дейін жеткізуге ықпал ете ала ма? Лондондағы меншікті тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы осы сауалға жауап іздеп көрді. Қазір ол бізбен тікелей байланыста.

- Ұлыбританияда Фарадж партиясының ұстанымын қолдайтындардың саны артты ма? Жалпы осыған қатысты британ халқының пікірі қандай?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Жалпы алғанда референдумды қайта өткізіп, Брекситті болдырмауға үгіттеген партиялар тобының даусы 40 пайызды құрап отыр. Осылайша либерал-демократтар Еуропарлементке 15 депутат, лейборшылар - 10, жасылдар партиясы 7 депутатын жібереді. Дүбірлі додада либерал-демократтар екінші болып ең көп дауыс жинады. Олар Біріккен Корольдіктің Еуроодақтан шығуына үзілді-кесілді қарсы.

Мен Либерал-демократтар партиясына дауыс бердім. Меніңше, олар жаңа референдум өткізуге байланысты өз ойларын анық айтты. Олар  басқа ірі партияларға қарағанда нақты ой-тұжырымын жеткізе білді.

Мен Жасылдар партиясына дауыс бердім. Өйткені меніңше, біз қоршаған орта үшін жаһандық деңгейде жанымыз ашуы керек. Табиғатқа қамқорлық жасауымыз қажет. Сонымен қатар, олардың Еуроодақта қалу туралы пікірлері маған ұнайды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлыбритания Еуроодақтан және сәйкесінше Еуропалық парламенттен екі ай бұрын кетуі тиіс еді. Бұл үдеріс ұзаққа созылғандықтан үкімет Еуропаның заң шығарушы органына сайлауға қатысуға мәжбүр болды. Оған жергілікті сайлаушылардың 37 пайызы ғана қатысқан. Бұл Еуроодаққа мүше елдермен салыстырғанда азырақ. Британияның қос жетекші партиясы - лейборшылар мен консерваторлар 2014 жылы өткізілген соңғы сайлауға қарағанда көп дауыс жоғалтты. Биліктегі консерваторлар 10 пайыздан төмен дауыс жинайды деген жорамал бар. Олар Еуроодақты қолдайтын Жасылдар партиясына есе жіберіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы