389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Киевтегі қайырымдылық марафонына 18 мыңнан астам адам қатысты

  • 419
  • UPD: 14:50, 28.05.2019

Украинада ең ауқымды жүгіру марафоны өтті, оған 18 мыңнан астам адам қатысқан, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Спорттық әрі қайырымдылық іс-шарасы 27 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Ерекшелігі сол, марафонға зағип және арбадағы мүгедек жандар да биыл белсенді қатысты.

Павел Ковган 14 жаста, туабітті жарақат алған, салдарынан арбаға таңылған. Алайда жігерлі жігіттің өмірге құштарлығы таңқалдырады, ол бірінші сыныптан бастап жүзеді екен, Украинаның осы спорт түрі бойынша шебері. Бүгінде спорттық шараға қатысуды жөн көріпті. Іс-шара «Каштан ағашы түбіндегі жүгіру марафоны» деп аталады, мақсат – қайырымдылық үшін қаражат жинау.

Павел Ковган, марафонға қатысушы:

- Марафонның мен үшін маңызы зор, өйткені мен бұл жерде өзімнің жалғыз емес екеніме көз жеткіземін. Спорт – өмірімнің бөлшегі ғана емес, мәні деп айта аламын.

Бағдарлама бойынша жүгіру марафоны 7 бағыт бойынша өткізілді. Сәбилер, кәсіби спортшылар жарысы, арбадағы адамдар, ерлік марафоны және биыл зағип жандар да жүгіруге мүмкіндік алды.

Ника, марафонға қатысушы:

- Көзі көрмейтін балалардың тағдыры туралы жақсы білемін. Херсон қаласындағы зағип жандарға арналған мектепте оқыдым. Сондықтан қайырымдылық шарасына белсенді қатысуды жөн көрдім.

Бұл марафонның ұйымдастырылып келе жатқанына биыл 27 жыл. Ал түскен қаражат жүрек ақауы бар бүлдіршіндердің еміне жұмсалып келеді.

Ирина Кузнецова, ұйымдастырушы:

- Осы уақыт ішінде жарты млн долларға жуық ақша жиналды. Биыл іс-шараға зағип жандар қатысты, сондықтан қаражаттың бір бөлігін балалар көз ауруының алдын алуға арналған емдеу орталығына жөнелтеміз. Сондай-ақ биыл үй жануарымен де жүгірген арнайы марафон болды, одан түскен қаражат үй-күйсіз жүрген жануарларға жұмсалады.

Киев – каштан ағашымен де танымал қала, биыл 27-рет осы жерде ұйымдастырылған марафон да қаланың ең негізгі іс-шарасына айналған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тек сайт бойынша 500-ге жуық компания мен 18 мыңнан астам адам қатысушы ретінде тіркелген. Алдын ала есеп бойынша, қайырымдылық бағытында жиналған қаражат 2 млн гривень, яғни 77 мың АҚШ долларын құрайды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы