384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Италияда автобус апатынан зардап шеккен қазақстандықтар Алматыға жеткізіледі

  • 123
  • UPD: 14:50, 29.05.2019
Италияда автобус апатынан зардап шеккен қазақстандықтар Алматыға жеткізіледі dsm.gov.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Италияда жол-көлік апатына ұшыраған екі жерлесімізді елге алып келуге дайын, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметі бойынша Қазақстанның Италиядағы Консулдығы еліміздің Сыртқы істер министрлігіне Италияда екі отандасымыздың жол апатына ұшырап, жергілікті стационарға түскенін хабарлаған.

«28 мамырда ҚР Сыртқы істер министрлігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жерлестерімізді елге тасымалдау қажет деп хат жазды. Алдын ала медициналық құжаттар қаралды. Шетелдік мамандардың медициналық қорытындысана сүйенсек, пациенттердің жағдайы тұрақты, бірақ ауыр, көптеген жарақат алған, оларды санитарлық авиациямен тасымалдау қажет»,-делінген хабарламада.

Өз кезегінде, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қос науқасты  елге алып келуге дайын. Санавиацияның арнайы борты да әзір  және пациенттер біліктілігі жоғары дәрігерлердің бақылауында болады. Санитарлық авиацияның мобильді бригадасы науқастарды тасымалдап қана коймай, өз кезінде мониторинг жүргізіп, отандастарымыздың жағдайын жіті қадағалайды, бортта қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Ұлттық жедел медицинаны үйлестіру орталығының мәліметінше, пациенттер алдағы тәулікте Алматыдағы медициналық мекемеге жеткізіледі.

Естеріңізге салсақ, 2019 жылы 22 мамырда Италияда (Сиена провинциясында) туристік автобус апатқа ұшыраған еді. Көліктің ішінде Қазақстан азаматтары да бар. Жол-көлік оқиғасы жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 09:30-да болған. Автобус жыраға құлап, аударылып қалған, - дейді италиялық сарапшылар.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шетелдердегі клиникаларда ауыр жағдайда жатқан, азаматтық рейстермен тасымалдауға жарамайтын науқастарды санитарлық авиациямен елге алып келеді. Бүгінге дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен санитарлық авиация 17 мың науқасты тасымалдаған. Оның 59-ның жағдайы өте ауыр болған.

Хабар 24 телеарнасы