382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кореялық саяхатшылар мінген кеме Венгрия жағалауында суға батты

  • 113
  • UPD: 22:04, 30.05.2019

«Русалка» деп аталатын сейіл құрушылардың қайығы ойда жоқта круиздық кемемен қақтығысты. Сөйтіп, кореялық меймандар отырған қайық Будапешт орталығындағы Парламент ғимаратының тұсында суға кете бастады.

Оқыс оқиға сәрсенбі күні кешкі сағат 21:00 шамасында болған. Су көліктерінің қақтығысқан сәті сыртқы бейнебақылау камераларының біріне түсіп қалған. Айта кетерлігі, Мажарстандағы саяхатты Оңтүстік Кореяның «Very Good Tour» агенттігі ұйымдастырған. Дунай өзенінде болған қайғылы оқиғаға қатысты агенттік бірден  үн қатты.    

Ли Санг-Му, туристтік агенттіктің қызмет көрсету жөніндегі директоры: 

- Оқиғаға қатысты барлық мәліметтерді ақпарат құралдары мен Оңтүстік Корея азаматтарымен бөлісіп отыратын боламыз. Сондай-ақ, оқиғаға қатысты барлық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз.

Сонымен белгілі болғандай суға кеткен катер Маргарита көпірінің маңында табылған. Мамандар оны судан шығаруға дайындап жатыр. Сондай-ақ, судан алып шыққан 14 адамның тек жетеуі ғана аман қалғаны белгілі болды. 21 адам із-түссіз жоғалды. Дунай өзенінің көктемгі тасуына байланысты құтқару жұмыстарын жүргізу қиындай түскен. Оған қоса, нөсерлеп жауған жаңбыр да кедергі келтірді. Өзендегі су температурасы қазір 15 градусты құрап отыр. Құтқару жұмыстарына  еріктілер де жұмылды.

Габор  Чато, жедел жәрдем қызметінің ресми өкілі: 

- Құтқару  жұмыстары қауырт жүргізіліп жатыр. Бұл іске полиция мен өрт сөндіру қызметі жұмылды. Оқиға орнында 17 топ жұмыс істеп жатыр. Табылып қала ма деген үмітпен, адамдарды судан да, жағадан да іздеп жатырмыз. 

Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин сыртқы істер министрлігіне із-түссіз жоғалған 21 азаматты табу үшін жедел топ құруды тапсырды. Құтқарылғандар ауруханаға жеткізілген. Олардың жайын жіті бақылау ведомствоға қоса жүктелді. 

Ким Ин Чул, Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлігінің өкілі:

- Еліміздің сыртқы істер министрі  Канг мырза бүгін Будапештке барып, құтқару жұмыстарын жеделдетуге күш салады. Бұл ретте Венгрия үкіметімен байланыс орнатып, апаттық-құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуге атсалысатын боламыз. 

Корей азаматтары суға кеткен отандастарының тағдырына алаңдаулы. Сондықтан, олар ел үкіметінің бұған қатысты іс-әрекетін жіті қадағалап отыр. Өйткені 2014 жылғы оқиғада үкіметтің сылбырлық танытқаны әлі есінде. Естеріңізге салсақ, осыдан 5 жыл бұрын Оңтүстік Кореяда Севоль паромы суға кетіп, 300 адам қаза тапты. Олардың дені мектеп оқушылары еді. 

Ким Еунха, Сеул тұрғыны:

- Оңтүстік Корея туристерінің апатқа ұшырағанын естігенде, жүрегім сыздап кетті. Сыртқы істер министрінің сол жаққа шұғыл аттанғаны құптарлық іс болған екен.

Хабар 24 телеарнасы