379,60 431.00 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде тұңғыш рет парламенттік сайлау қайта өтетін болды

  • 165
  • UPD: 14:55, 31.05.2019

Израильде саяси дағдарыс. Жаңа сайланған парламент депутаттары өзара тіл табыса алмай, үкімет жасақталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осы алауыздық салдарынан елде парламенттік сайлау қайта өтетін болды.

Бұл – Израиль тарихында бұрын-соңды болмаған жайт. Жаңа сайланған Кнессеттің жұмысы бір жарым айға да созылған жоқ. Олардың қабылдаған жалғыз шешімі – өз-өзін тарату жөнінде заң.

Юлий Эдельштейн, Кнессет спикері: 

- 21-шақырылымдағы Кнессетті тарату жөнінде заңның үшінші оқылымы. Бұл заңды қолдап 74 депутат дауыс берді, 45-і қарсы болған. Заң бекітілді.

Кнессет 9 сәуірде өткен парламенттік сайлаудан кейін құрылған. Президент оңшыл көзқарастағы «Ликуд» партиясының жетекшісі Беньямин Нетаньяхуға жаңа министрлер кабинетін құруды тапсырған. Бір ай уақыт беріліп, кейін мерзімі тағы екі аптаға ұзартылған. Парламентке өткен партия басшылары арасында өткен күрделі келіссөздер ұзаққа созылып, еш нәтиже болмады. Келісімге келуге  Әскерге шақыру туралы заң жобасы кедергі болды. Бұл – Авигдор Либерман басқаратын «Біздің үйіміз – Израиль» партиясы ұсынған бастама.

Авигдор Либерман, «Біздің үйіміз – Израиль» партиясының төрағасы:

- «Ликуд» коалиция жасақтап, үкімет құра алған жоқ. Діни ортодокстарға бет бұрған бұл партия Израильде қайта сайлау өтетініне жауапты.

Беньямин Нетаньяху болса бар айыпты Авигдор Либерманға артып отыр. «Оңшыл көзқарастан айныды», – дейді ол. Солшыл көзқарастағы партиялар, керісінше, қуаныштарын жасырмайды. Жаңа сайлауда олардың көбірек мандатқа ие болып, коалициялық үкімет құруға мүмкіндігі артатын түрі бар.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Ақылға сыймай отыр. Авигдор Либерман енді солшыл блокқа ауысты. Сіздер оңшыл көзқарасты қолдап, оған дауыс берсеңіз, ол оңшыл үкіметті таңдаған жоқ. Міне, осыны өз көзімен көріп тұрмыз. 

Енді сайлау науқаны қайта басталады, жаз бойы жаңа одақтар құрылып, саясаткерлер халық сенімін баурап алуға тырысады. 22-шақырылымдағы Кнессетке сайлау 17 қыркүйекке белгіленген. Бұл Израиль саясатындағы жаңа рекорд – бір жылдың ішінде екі рет парламенттік сайлау өтетін болды.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы