389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ пен Мексика арасындағы миграция мәселесі сауда дауына ұласа ма?

  • 277
  • UPD: 20:29, 31.05.2019

Маусымның онынан бастап АҚШ Мексика тауарларына 5% салық салады.

Шекарадағы заңсыз миграция мәселесі шешілмейінше, кедендік салық өсе бермек. Бұл туралы АҚШ Президенті өзінің твиттер парақшасында ескертті. Естеріңізге салайық, Дональд Трамп ақпан айында Мексикамен арадағы шекарада төтенше жағдай жариялаған болатын.

Мексикамен шектесетін Техас штатының шекара қызметі сыртқы бейнелеу камерасына түсіп қалған көріністі жариялады. Онда келімсектердің үлкен тобы қас қарая АҚШ шекарасына өткені бейнеленген. Мәлім болғандай, топ құрамында мыңнан аса мигрант болған. Жалпы бұған дейін тек оншақты келімсек қана топтасып, арғы бетке асуға талпынатын. Былтырдан бері орайын тауып өтіп жатқан мигранттар қарақұрым. Шекара күзетінің мәліметі бойынша, тек мамыр айында келімсектердің 46 тобын ұстаған. Әрқайсысының құрамы 100 адамнан асады. Осы жағдайды естіген АҚШ Президенті ашуға булықса керек. Твиттерде сес көрсеткен Трамп мәселенің шешімін Мексика үкіметіне жүктеді.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

– Маусымның 10-нан бастап мексикалық тауарларға 5% баж салығы салынады. Заңсыз миграция мәселесі шешілмейінше, бұл салық өсе береді.

Бұл хабарды ести сала, Мексика Президенті Андрес Лопез Обрадор бірден Ақ Үй басшысына хат жолдады. Онда көршілердің ынтымақтастығы шекара мәселесінен де биік болғаны жөн деп келтірген. Сондықтан Мексика тарапы келіссөз жүргізуге әзір екенін білдірді. Осы мақсатта сыртқы істер министрі дереу Вашингтонға аттанбақ. Ал Трамптың бұл шешіміне қарапайым мексикалықтардың көңілі толмайды.

Паула Соуса, Мехико тұрғыны:

– Бұдан ешнәрсе де шықпайды. Тарифтер миграция мәселесін шешуге ықпалын тигізе алмас. Келімсектер келе береді. Олардікі әлеуметтік сипаттағы мәселе. Мұны экономикалық мәселемен шатастыруға болмайды.

Айта кетерлігі, Трамп мәлімдеме жасаған күні АҚШ-Мексика және Канада арасындағы үшжақты сауда келісімі Мексика сенатының бекітуіне жолданған еді. Мексикалықтар үш мемлекет де маңызды құжатты шілдеге дейін ратификациялайды деп үміттенген. Ал енді АҚШ Президентінің мына мәлімдемесі бұл келісімді тығырыққа тірейтін түрі бар.

Трамптың аяқ асты шешімінен кейін істің қалай өрбитіні белгісіз. Ақ Үйдің сайтында жариялағандай, Мексикадан мигранттар ағыла берсе, салық қазанға дейін ай сайын 5 проценттен көтеріліп отырмақ. Осылайша, Трамп мекскалық тауарға салынатын тариф мөлшерін 25 процентке жеткізбек.

Баж салығы ең алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына әсер етеді. Сонымен қатар Мексикада өндірілетін автокөлік құны да біршама қымбаттайды. Елде Американың мыңдаған компаниясы жұмыс істейтінін ескерсек, Трамптың шешімі АҚШ-тың өзіне де оң әсерін тигізуі екіталай.

Хабар 24 телеарнасы