378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Boeing ұшақтарына қатысты тағы дау шықты

  • 141
  • UPD: 21:24, 03.06.2019

Американың ауқымды корпорациясы Boeing-қа қатысты тағы да дау шықты.

Бұл жолы АҚШ Азаматтық авиация Федералдық басқармасы әуе кемесінің қаупсіздігін тексеру барысында оның бөлшектерінен ақау тапқан.

Автоматты түрде іске қосылатын басқару жүйесінен бөлек, Boeing-тың екі моделінің қанат тұстарындағы бөлшектері жарамсыз болып табылған.

Әлем бойынша Boeing-қа тиесілі 312 ұшақтың алдыңғы қанат тұстарында ақау бар. АҚШ Азаматтық авиация Федералдық басқармасы осылай дейді. Сараптама қорытындысы бойынша сериялық нөмірлері Boeing 737 NG және Boeing 737 MAX ұшақтарынан 148 ақаулы бөлшектер табылған. Алдағы он күн ішінде бұл әуе кемелерінің бөлшектері ауыстырылатын болады.

АҚШ азаматтық авиация федералдық басқармасы:

– 737 NG және 737 MAX ұшақтарының кейбір бөлшектері дұрыс жасалмағандықтан, беріктік стандарттарына сәйкес келмеуі, ұшақтардың мерзімінен бұрын тозуы және зақымдауына алып келуі мүмкін.

АҚШ Азаматтық авиация Федералдық басқармасының хабарлауынша, анықталған жарамсыз бөлшектер апатқа әкеп соқтырмайды. Десе де ұшу процесі кезінде техникалық ақаулар болуы мүмкін. Мекеме бұл қауіп-қатерді Boeing ұшағы бар барлық елге хабарлап үлгерді. Ізінше, Уфа қаласында дәл осы Boeing 737 NG ұшағының көкке көтерілмей қалғаны анықталды. Бортында 123 жолаушысы болған әуе кемесі енді ұшуға талпынғанда, қанат тұсында дабыл қаққыш іске қосылған.

«Победа» әуе компаниясының баспасөз қызметі:

– Біздің әуе компаниямызға тиесілі Boeing 737 NG ұшағының алдыңғы қанат тұсында ешқандай ақау жоқ. Дабыл қаққыштың неге іске қосылғаны анықталып жатыр. Қазір бортта болған жолаушыларды басқа рейске отырғыздық.

Жалпы Boeing 737 ұшағына жантүршігерлік апаттардан соң көкке көтерілуге тыйым салынған болатын. Естеріңізде болса, тек соңғы жарты жылда әлемде 737 MAX қатысуымен екі әуе апаты тіркеліп, онда 346 адам қаза тапқан еді. Ол кезде сарапшылар автоматты басқару жүйесі істен шыққан деген қорытындыға келген болатын. Енді міне, тағы да ақаулар. Әлем елдері жарамсыз ұшақтардан шығынға батып жатқанын айтып, Boeing компаниясынан өтемақы талап етті.

Лю Шугуо, Қытай әуе көлігі қауымдастығының бас хатшысы:

– Boeing компаниясының ұшақтары апатқа ұшырап, ақаулары анықталып жерде тұр. Boeing сатып алған барлық әуе компаниялары шығынға батып жатыр. Біздің есептеуімізше, ол 580 миллион АҚШ долларын құраған. Сол себепті Boeing компаниясынан өтемақы талап етеміз. Біздің қауымдастық бұл шығынды өндіріп алу үшін қолдан келгенін жасайды.

Сондай-ақ Эфиопиядағы ұшақ апатынан қаза тапқан жолаушының әйелі де Америкалық компанияны сотқа берді. Және 276 миллион АҚШ доллары көлемінде өтемақы талап етті. Сарапшылардың айтуынша, егер ақаулар расталса, мұндай арыздардың саны әлем елдері бойынша артуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы