Будапештте батып кеткен туристік кемені судан шығару операциясы қайта жанданды.
Құтқарушылар өзенді бойлай қажетті техниканы орнатып, катерді көтеріп алуға дайындалып жатыр. Көктемгі су тасудың салдарынан Дунайдың арнасы толып, лай ағыны арындай түскен. Сол себепті құтқару жұмыстарын аяқтау мүмкін болмады. Құтқару операциясы кезінде суға батқан бір туристің денесін тапты. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, шамамен 60 жастағы ер адам қайғылы оқиға орын алған жерден 102 шақырым жерде орналасқан Харта ауылының маңында табылды. Естеріңізге салсақ, өткен сәрсенбіде Оңтүстік Кореяның 33 турисі отырған сейіл кемесі круиз кемесімен соқтығысып, суға кеткен. Қайықта болған 35 адамның жетеуі аман-есен құтқарылды. 21 адам, оның ішінде 19 турист ізім-ғайым жоғалып кетті. Мамандар олардың аман қалуы екіталай деп отыр.
Сонг Шун-Кеун, Оңтүстік Кореяның әскери атташесі:
- Бұл операцияның нәтижесінде жоғалған туристтердің денесін судан алып шығамыз деген үміт бар.