389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ билігі интернет-концерндерді бақылауына алды

  • 425
  • UPD: 23:39, 04.06.2019

Алпауыт интернет-концерндерге қатысты тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

АҚШ билігі осылайша монополияға қарсы заңнаманың орындалу тәртібін бақыламақ. Бұл жаңалықтан соң Google, Apple, Facebook, және Amazon компанияларының биржадағы акция бағалары құлдырап кетті.

Цифрлық нарықтағы тексеріс. АҚШ конгресі интернет-сауда, коммуникация және ақпарат тарату саласында ықпалды болып келе жатқан ауқымды интернет-концерндерге тексеріс жүргізбек. Әзірге нақты қай компанияның сын садағына ілінері белгісіз. Дегенмен бұл жаңалықтан соң биржадағы бірнеше компанияның акциялары арзандап кетті. Нью-Йорк биржасында Facebook акциясы – 7,5 процентке, Google-ға тиесілі Alphabet акциясы – 6,1 процентке, Amazon – 4,6, Apple 1 процентке құлдырады.

Интернет-концерндерге қатысты тергеуді әділет министрлігі және монополияға қарсы басқарма жүргізбек. Жекелей келгенде әділет министрлігі Google-ды, федералды сауда комиссиясы – Amazon мен Facebook-ты тексереді. АҚШ конгресі осылайша компаниялардың өз өкілеттігін асыра пайдаланбауын қадағаламақ.

Америкалық алып Apple компаниясы акциясы арзандап, тексеріс жүрейін деп жатқанына қарамастан желі қолданушыларын тағы бір дүрсілкіндірген жаңалықты жариялап үлгерді. Көпшіліктің сұранысына ие болған компания iTunes қосымшасынан бас тартты. Енді бір қосымшаның орнын бірден үш жаңа бағдарлама алмастырмақ.

Крэйг Федериги, бағдарламалық қамту ісі жөніндегі Аррle компаниясының аға вице-министрі:

- Apple-дегі Music немесе iTunes енді бір қосымша емес, үш қосымшаға айналады: яғни Apple Music, Apple Podcasts  және  Apple TV болады. Apple Music – Каталинада жасап шығарған қосымшаның ең үздігі. Оның қызметі тек әуен ойнатуға бағытталған. Әрі музыкаға қажетті ең мықты сипаттамаға және жоғары жылдамдыққа ие. Әрбір қосымша қолданушылардың заманауи талабына сай дайындалады.

Ал бұл орайда әлемдік БАҚ тексерістің мақсатын айқындайтын түрлі материалдар жариялап жатыр. Ал сарапшылардың айтуынша, биліктің мұндай қадамға баруы интернеттің ықпалынан қорқуы. Яғни цифрлық технологияның дамуы ұлттық қауіпсіздікке кері әсер етуі мүмкін. Бұл орайда Ресей Федерациясы да интернеттік бақылауды мықтап қолға алайын деді. Федаралды қауіпсіздік қызметі «Яндекстен» пайдаланушы деректерін шифрлауға арналған кілттерді сұратқан. Сарапшылар бұлай жеке ақпарды талап ету құқық бұзушылық деп дабыл қағуда.

Леонид Евдокимов, The Tor Projekt құрастырушысы:

- Федаралды қауіпсіздік қызметі «Яндекстен» пайдаланушы деректерін шифрлауға арналған кілттерді сұратып отыр. Бұл кілт – сервер мен пайдаланушы арасын жалғастыратын құпия ақпарат. Демек бұндай мәліметті арнайы қызметке тапсыру арқылы «Яндекс.Почта» жүйесін қолданушылардың логиндері мен құпиясөздері оларға мәлім болмақ. Бұл азамттардың жеке ақпарат қауіпсіздігіне қарама-қайшы келеді.

Айта кетейік, егер «Яндекс» федералды қызметке сұратқан мәліметтерді беруден бас тартса, 1 млн рубль көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Екінші мәрте бас тартса, сайт түбегейлі бұғатталады.

Бұған дейін терактіге қатысы бар тұлғаларды анықтау үшін федералды қызмет «Телеграмм» компаниясынан мәліметтер сұратқан. Павел Дуров бас тартқандықтан, канал Ресей аймағында ресми түрде бұғатталған жүйе болып саналады. 

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы